"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 183-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ уран кен орындарының жобалау құжаттарының және әзірлеме талдауларының тәуелсіз сараптамасына ақы төлеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасының міндетін атқарушы |
В. Лавренов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
| Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасының міндетін атқарушы 2026 жылғы 23 қыркүйектегі № 92-н/қ бұйрығымен бекітілген |
Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ уран кен орындарының жобалау құжаттарының және әзірлеме талдауларының тәуелсіз сараптамасына ақы төлеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ уран кен орындарының жобалау құжаттарының және әзірлеме талдауларының тәуелсіз сараптамасына ақы төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 183-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және уран кен орындарының жобалау құжаттары мен әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту және біліктілік тұрғысынан іріктеу, сондай-ақ тәуелсіз сараптамаға ақы төлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) кандидаттарды біліктілік іріктеу және тәуелсіз сарапшылар ретінде тағайындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) – жобалау құжаттарына және әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларға біліктілік іріктеуді жүзеге асыру мақсатында уран саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия;
2) Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы (бұдан әрі – Орталық комиссия) – геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жобалау құжаттарына және әзірлеме талдауларына мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыратын комиссия;
3) тәуелсіз сараптама – ғылыми негізделген әдістемелерді қолдануға негізделген, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес білікті сарапшылар жүргізетін тәуелсіз зерттеу;
4) тәуелсіз сарапшы – уран саласындағы уәкілетті органда біліктілік іріктеуінен өткен, геология және әзірлеу саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес жеке тұлға.
2-тарау. Жобалау құжаттарына және әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды тарту тәртібі
3. Тәуелсіз сарапшылар тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тартылады, оның шеңберінде Орталық комиссия:
1) барлау жұмыстарының жобасы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшыны;
2) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшыны;
3) уран кен орнын әзірлеу жобасы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшыны;
4) уран өндіру салдарын жою жобасы бойынша – 2 (екі) тәуелсіз сарапшыны;
5) әзірлеме талдау бойынша – 1 (бір) тәуелсіз сарапшыны тағайындайды.
Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператордан, сенімгерлік басқарушыдан) жобалау құжатты немесе әзірлеме талдауды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыны (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша операторды, сенімгерлік басқарушыны) сарапшының/сарапшылардың тағайындалғаны туралы бір мезгілде хабардар ете отырып, оны тәуелсіз сараптама жүргізу үшін сарапшыға/сарапшыларға жібереді.
Жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) сарапшыларды тағайындау туралы хабарлама негізінде мұндай сарапшымен/сарапшылармен осы Қағидаларда көзделген талаптармен Тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсету шартын жасасады.
Тәуелсіз сараптама жүргізуге жобалау құжатын немесе әзірлеме талдауды дайындауға тікелей қатысқан және (немесе) жобалау құжатын немесе әзірлеме талдауды жасаған және (немесе) бекіткен тұлғалармен үлестес сарапшы тартылмайды.
Тәуелсіз сарапшы сараптама нәтижелеріне мүдделілігі болған кезде Орталық комиссияға өздігінен бас тартуды мәлімдейді.
Өздігінен бас тарту туралы өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Орталық комиссия осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес өзге тәуелсіз сарапшыны тағайындайды.
4. Барлау жұмыстары жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға) тәуелсіз сараптама 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде, уран кен орындарын әзірлеу жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға), уран өндіру салдарын жою жобаларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға) және уран кен орындарын әзірлеме талдауларына (оларға өзгерістер мен толықтыруларға) 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
5. Тәуелсіз сараптама нәтижелері бойынша жасалған тәуелсіз сарапшының қорытындысы еркін нысанда Орталық комиссияға осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мерзім ішінде ұсынылады.
6. Жобалау құжатына немесе әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізген тәуелсіз сарапшылар өзінің тәуелсіз сараптамасының қорытындысын түсіндіру үшін Орталық комиссияның отырысына шақырылады.
Орталық комиссия сараптамалық қорытынды шеңберінде тәуелсіз сарапшы анықтай алмаған Кодекске сәйкес бекітілген Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидалардың талаптарына жобалау құжатының немесе әзірлеме талдаудың сәйкес келмеуін айқындаған кезде - келесі алты ай ішінде, ал осындай ескертулер Орталық комиссияның екі сараптамалық қорытындысында болған кезде – кезекті біліктілік іріктеу жүргізілгенге дейін мұндай тәуелсіз сарапшыны тәуелсіз сараптама жүргізуге тағайындау жүргізілмейді.
3-тарау. Жобалау құжаттарына тәуелсіз сараптама жүргізу және әзірлеме талдауларын жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеу
7. Тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеуінен өткізу мынадай кезеңдерден тұрады:
1) уран саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында біліктілік іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
2) уран саласындағы уәкілетті органның тәуелсіз сарапшыларға кандидаттардан құжаттарды қабылдауы;
3) Комиссияның осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарында белгіленген тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға кандидаттардың құжаттарының сәйкес келуін қарауы;
4) осы Қағидалардың 20-тармағына сәйкес кандидаттар арасында іріктеу жүргізу;
5) Комиссияның қорытындысы.
8. Біліктілік іріктеуді өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) орналасқан жерін, пошталық мекенжайын, телефон нөмірлерін, электрондық пошта мекенжайларын көрсете отырып, біліктілік іріктеуді жүргізетін уран саласындағы уәкілетті органның атауы;
2) осы Қағидалардың 9 және 10-тармақтарына сәйкес кандидаттарға қойылатын талаптар;
3) құжаттарды қабылдау мерзімі 10 (он) жұмыс күнін құрайды және уран саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында хабарландыру жарияланғаннан кейін келесі жұмыс күнінен бастап есептеледі;
4) қажетті құжаттар тізбесі;
5) іріктеуді өткізу күні мен уақыты.
9. Тәуелсіз сарапшылардың біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген кандидатқа мынадай талаптар белгіленеді:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы;
2) геология, тау-кен ісі, гидрогеология, геотехнология, уран өндіру және өңдеу саласында немесе тәуелсіз сараптама нысанына сәйкес келетін өзге де мамандық бойынша жоғары бейінді білімі туралы дипломның болуы (шетелдік білім беру ұйымдары берген білім туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабында көзделген жағдайларда тану рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);
3) геология немесе уран кен орындарын әзірлеу саласында кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы не жобалау құжаттарын немесе әзірлеме талдауларды дайындауға мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдарда кемінде 15 (он бес) жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.
10. Біліктілік іріктеуіне қатысуға ниет білдірген кандидат уран саласындағы уәкілетті органға еркін нысанда толтырылған өтінімді ұсынады, оған мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) бейіні бойынша еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (еңбек кітапшасы не кәсіби саладағы жұмыс тәжірибесін растайтын құжат (бұйрықтардан үзінді көшірме));
3) білімі туралы құжаттың көшірмесі.
11. Кандидат құжаттарды хабарландыру жарияланғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде тапсырады.
12. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттардың түпнұсқалары іріктеу басталғанға дейін бір жұмыс күнінен кешіктірілмей салыстырып тексеру үшін ұсынылады.
13. Комиссия уран саласындағы уәкілетті орган басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның шешімімен құрылады. Комиссия құрамына мыналар кіреді:
уран саласындағы уәкілетті органның өкілдері, оның ішінде Комиссия төрағасы;
Орталық комиссияның өкілдері (келісу бойынша);
жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның өкілі (келісу бойынша);
геология және әзірлеу саласындағы бірлестіктердің (қауымдастықтардың, одақтардың, ұйымдардың) өкілдері (келісу бойынша).
14. Комиссия қызметін ұйымдастыру үшін Комиссия хатшысы тағайындалады.
Комиссия хатшысы ұйымдастыру функцияларын орындайды, комиссия мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.
15. Комиссия хатшысы комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады және отырыстардың хаттамаларын ресімдейді.
16. Комиссия құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың кандидаттардың тәуелсіз сарапшыға қойылатын талаптарға сәйкестігін қарайды және қатысушыларды іріктеуге жіберу туралы шешім қабылдайды.
Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаса не дәйексіз мәліметтер ұсынылған жағдайда, кандидат іріктеуден өтуге жіберілмейді.
Біліктілік іріктеуге жіберуден бас тарту туралы шешімді Комиссия бас тартудың себебін көрсете отырып қабылдайды және хаттамамен рәсімдейді. Кандидатқа Комиссия хатшысы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жіберуден бас тарту туралы хабарлайды.
17. Шешім хаттама түрінде ресімделеді және оған Комиссия төрағасы мен отырысқа қатысқан мүшелері, сондай-ақ Комиссия хатшысы қол қояды.
18. Комиссия шешімінің негізінде хатшы іріктеуге жіберілген кандидаттардың тізімін және оны өткізу графигін жасайды.
19. Іріктеуге жіберілген кандидаттарды Комиссия хатшысы іріктеудің өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабардар етеді.
Кандидаттарды хабардар ету телефон арқылы не кандидаттардың электрондық мекенжайларына немесе мобильді телефондарына хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырылады..
20. Комиссия бейінді сұрақтардың тізбесін қалыптастырады. Біліктілік іріктеуге қатысатын және оған жіберілген кандидат әңгімелесуден өтеді, оның барысында кандидатқа геология немесе әзірлеу саласынан 5 (бес) бейіндік сұрақ қойылады.
21. Әңгімелесу әрбір кандидатпен жеке өткізіледі және техникалық жазу құралдарының көмегімен тіркеледі, бұл туралы кандидатқа ескертіледі.
22. Комиссия ұсынылған құжаттардың негізінде, сондай-ақ өткізілген біліктілік іріктеудің нәтижелері бойынша мұндай кандидатты тәуелсіз сарапшы ретінде тағайындау туралы шешім қабылдайды.
23. Комиссияның шешімі кандидат болмағанда, ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
24. Дауыс беру кезінде дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
25. Комиссияның шешімі және Комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттардың тізімі іріктеу жүргізілгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде уран саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
26. Комиссия шешіміне шағымдану сот тәртібімен жүзеге асырылады.
27. Кандидаттар біліктілік іріктеуге қатысу бойынша шығыстарды (іріктеу өтетін жерге келу және қайту, тұру) өздерінің жеке қаражаты есебінен жүргізеді.
28. Жобалау құжаттарына немесе әзірлеме талдауларға тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сарапшыларды біліктілік іріктеу кемінде екі жылда бір рет өткізіледі. Комиссияның бұрын оң қорытындысын алған тәуелсіз сарапшылар біліктілік талаптарын растау үшін қайта іріктеуден өтеді.
4-тарау. Жобалау құжаттарына және әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізуге ақы төлеу тәртібі
29. Жобалау құжаттарына немесе әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізуге ақы төлеуді жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) Кодекстің 183-1-бабының 2-тармағына сәйкес жүзеге асырады.
30. Жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) мен тәуелсіз сарапшы арасында Қызметтер көрсету шартының талаптарына сәйкес бекітілген (қол қойылған) орындалған қызметтер актісі тәуелсіз сарапшыға ақы төлеудің негізі болып табылады.
31. Жобалау құжаттарына және уран кен орындарын әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама жүргізгені үшін сыйақы мөлшері жобалау құжатының немесе әзірлеме талдауының түріне, жұмыстарды жүргізу сатысына және тиісті құжатқа енгізілген уран қорларының көлеміне қарай айқындалады және қызметтер көрсету шартында мынадай тәртіппен бекітіледі:
барлау жұмыстарының жобасы үшін - 800 000 (сегіз жүз мың) теңгеден аспайды;
уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы үшін - 800 000 (сегіз жүз мың) теңгеден аспайды;
жобалау басталған кездегі жағдай бойынша уран қорларының көлемі 30 000 (отыз мың) тоннаға дейінгі уран кен орнын әзірлеу жобасы үшін - 1 200 000 (бір миллион екі жүз мың) теңгеден аспайды;
жобалау басталған кездегі жағдай бойынша уран қорларының көлемі 30 000 (отыз мың) тоннадан 50 000 (елу мың) тоннаны қоса алғанға дейінгі уран кен орнын әзірлеу жобасы үшін - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайды;
жобалау басталған кездегі жағдай бойынша уран қорларының көлемі 50 000 (елу мың) тоннадан асатын уран кен орнын әзірлеу жобасы үшін - 2 000 000 (екі миллион) теңгеден аспайды;
уран кен орнын әзірлеме талдау үшін - 800 000 (сегіз жүз мың) теңгеден аспайды;
уран өндіру салдарын жою жобасы үшін - 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден аспайды.