"Клиникалық база, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университеттік аурухана, резидентура базасы, интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ережелерді және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-304/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 114 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 28 қыркүйекте № 39983 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Клиникалық база, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университеттік аурухана, резидентура базасы, интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ережелерді және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ–304/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21848 тіркелді) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Клиникалық база, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университеттік аурухана, резидентура базасы, санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы, интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ережелерді және оларға қойылатын талаптарды бекіту туралы";

      1-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ереже және оған қойылатын талаптар бекітілсін;";

      мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:

      "6) осы бұйрыққа 6-қосымшаға сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы туралы ереже және оған қойылатын талаптар.";

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілген клиникалық база туралы ережеде және оған қойылатын талаптарда:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;

      2) білім алушылар – студенттер, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының қосымша білім бағдарламаларының тыңдаушылары;

      3) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы – "Денсаулық сақтау" және (немесе) "Денсаулық сақтаумен және әлеуметтік қамсыздандырумен (медицина) байланысты пәнаралық бағдарламалар" даярлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

      4) дуальды оқыту – кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынып және өтемақы төлемін төлей отырып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны;

      5) жабдықтар – денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымында және емдеу және (немесе) білім беру процестерінде клиникалық базада қолданылатын медициналық бұйымдар, оқу жабдықтары (муляждар);

      6) интерн-дәрігер – интернатура шеңберінде білім алып жатқан және тәлімгердің жетекшілік етуімен клиникалық және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық практикаға шектеулі рұқсат беріліп, кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан дәрігер;

      7) клиникалық база – бірлесіп қызмет ету туралы шарт бойынша денсаулық сақтау саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін білім беру ұйымы пайдаланатын денсаулық сақтау ұйымы;

      8) резидент-дәрігер – резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алатын және тәлімгердің жетекшілік етуімен медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер;

      9) тәлімгер – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен жас мамандарды кәсіптік құзыреттерді, практикалық дағдыларды меңгеру және кәсіптік бейімделу процесінде сүйемелдеу үшін денсаулық сақтау ұйымының, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина немесе фармацевтика қызметкері.";

      4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының бейінді бөлімшелерінің оқу процесін және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау, оған қоса:

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына қажетті оқу және қосалқы бөлмелерді беру;

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық кадрлары мен білім алушыларына интернетке қолжетімділік беру;

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық кадрларын, клиникалық кафедраларының мамандарын және білім алушыларын медициналық ұйымда, оның ішінде операциялық блок, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесін қоса алғанда, медициналық ұйымның мамандандырылған бөлімшелеріне білім беру және емдеу процестерінің қажеттіліктеріне және медициналық ұйымның ішкі ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттарында белгіленген тәртіпке сәйкес консультациялық жұмыстың білім беру, ғылыми, емдеу-диагностикалық процесін, білім алушыларды емдеу процесіне жіберу қолданыстағы заңнамамен және/немесе пациенттердің талаптарымен рұқсат етілмейтін жағдайларды қоспағанда жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына жеке тұлғалар (пациенттер) туралы ақпаратқа қатысты қолданыстағы заңнамада көзделген құпиялылық шарттарын сақтай отырып, медициналық құжаттамаға, статистикалық деректерге және мұрағаттық құжаттарға қолжетімділік беру;

      құпиялылық, дербес деректермен медициналық құпияны қорғау талаптарын сақтай отырып, дәрігер-интерндерге және дәрігер-резиденттерге оқу және клиникалық міндеттерді орындау үшін қажетті көлемде денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық цифрлық жүйелеріне қолжетімділік беру;

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен білім алушыларын, клиникалық база аумағындағы жұмысты орындау кезінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес саламатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын, оның ішінде кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз ету;

      еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларын өткізу;

      денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-педагогикалық қызметкерлері мен білім алушыларына (интерндерге, резиденттерге) клиникалық базаның мамандандырылған бөлімшелерінде жұмыс істеу үшін қажетті жеке қорғану құралдарын беру;

      медициналық және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді лауазымдық нұсқаулықтармен және ішкі тәртіп қағидаларымен және медициналық қызметті жүзеге асыру тәртібіне қатысты клиникалық базаның басқа да ішкі ұйымдастырушылық және өкімдік актілерімен таныстыру;

      практикалық оқыту мазмұны мен оның әдістемелерін қалыптастыруға, жұмыс бағдарламаларын құруға, түрлі практикаларды өткізу процесіне қатысу;

      теориялық білімді бекіту және кәсіби құзыреттіліктерді игеру мақсатында кәсіптік практиканы өткізу кезінде өзіндік жұмыстың жеткілікті көлемін ұсыну;

      клиникалық базаның медициналық персоналы қатарынан тәлімгерді міндетті түрде бекіте отырып, теориялық оқытуды клиникалық базаларда практикалық оқытумен ұштастыруды көздейтін дуальді оқытуды енгізу: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық ұйымдар үшін – бір тәлімгерге бес білім алушыдан аспайтын есеппен, медициналық колледждер үшін – бір тәлімгерге үштен көп емес білім алушыны бекіту, бұл түлектерді кейіннен жұмысқа орналастырудың тиімді тетіктерін қамтитын нақты еңбек функцияларын орындауға толық дайын мамандарды даярлау мәселесін шешуге мүмкіндік береді;";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Клиникалық база болып табылатын медициналық ұйым клиникалық кафедралардың оқытушыларын емдеу-диагностикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында Ұйымның кешенді медициналық цифрлық жүйесіне қол жеткізу үшін логин мен пароль бере отырып, "Ресурстарды басқару жүйесі" порталында штаттан тыс қызметкерлердің жеке доменін құру жолымен қоса атқарушылар ретінде тіркейді.";

      көрсетілген бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы туралы ережеде және оған қойылатын талаптарда:

      2-тармақтың 6) және 7) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) резидент-дәрігер – резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алатын және тәлімгердің жетекшілік етуімен медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер;

      7) тәлімгер – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен жас мамандарды кәсіптік құзыреттерді, практикалық дағдыларды меңгеру және кәсіптік бейімделу процесінде сүйемелдеу үшін денсаулық сақтау ұйымының, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина немесе фармацевтика қызметкері;";

      3-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) меншік иесінің және уәкілетті органның келісуі болған кезде астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының шешімі негізінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы.";

      9-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының емдеу-профилактикалық құрылымдық бөлімшесі немесе денсаулық сақтау ұйымын ДСБҰК ретінде айқындау туралы астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органының шешімінің, меншік иесінің және уәкілетті органның келісуінің болуы;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы болып табылатын медициналық ұйым клиникалық кафедралардың оқытушыларын бейіні бойынша қоса атқарушылар ретінде немесе штаттан тыс қызметкерлердің жеке доменін құру жолымен "Ресурстарды басқару жүйесі" порталында тіркейді, емдеу-диагностикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында Ұйымның кешенді медициналық цифрлық жүйесіне қол жеткізу үшін логин мен пароль береді.";

      көрсетілген бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес бекітілген Университеттік аурухана туралы ережеде және оған қойылатын талаптарда:

      2-тармақтың 5) және 6) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) резидент-дәрігер – резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алатын және тәлімгердің жетекшілік етуімен медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер;

      6) тәлімгер – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен жас мамандарды кәсіптік құзыреттерді, практикалық дағдыларды меңгеру және кәсіптік бейімделу процесінде сүйемелдеу үшін денсаулық сақтау ұйымының, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина немесе фармацевтика қызметкері;";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Университеттік аурухана болып табылатын медициналық ұйым клиникалық кафедралардың оқытушыларын емдеу-диагностикалық қызметті жүзеге асыру мақсатында Ұйымның кешенді медициналық цифрлық жүйесіне қол жеткізу үшін логин мен пароль бере отырып, "Ресурстарды басқару жүйесі" порталында штаттан тыс қызметкерлердің жеке доменін құру жолымен қоса атқарушылар ретінде тіркейді.";

      көрсетілген бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес бекітілген Резидентура базасы туралы ережеде және оған қойылатын талаптарда:

      2-тармақтың 8) және 9) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) резидент-дәрігер – резидентураның білім беру бағдарламасы шеңберінде білім алатын және тәлімгердің жетекшілік етуімен медициналық ұйымда жұмыс істейтін дәрігер;

      9) тәлімгер – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен жас мамандарды кәсіптік құзыреттерді, практикалық дағдыларды меңгеру және кәсіптік бейімделу процесінде сүйемелдеу үшін денсаулық сақтау ұйымының, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина немесе фармацевтика қызметкері;";

      мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

      "13-1. Тәлімгерлердің жетекшілік етуімен ғылыми-практикалық базаларда кәсіптік даярлықтан өту кезеңінде резидент-дәрігерлердің құпиялылық, дербес деректер мен медициналық құпияны қорғау талаптарын қамтамасыз ете отырып, оқу және клиникалық міндеттерді орындау үшін қажетті көлемде денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық цифрлық жүйелеріне қол жеткізуге құқығы бар.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Резидентура базасында оқу процесінде жоғары оқу курстарының резидент-дәрігерлеріне интерн-дәрігерлер мен кіші оқу курстарының резидент-дәрігерлер үшін тәлімгер рөлін орындауға мүмкіндік беріледі.";

      көрсетілген бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес бекітілген Интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ережеде және оған қойылатын талаптарда:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы – "Денсаулық сақтау" және (немесе) "Денсаулық сақтаумен және әлеуметтік қамсыздандырумен (медицина) байланысты пәнаралық бағдарламалар" даярлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

      2) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы – білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі немесе денсаулық сақтау ұйымы, оның базасында ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша медициналық білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады;

      3) жабдықтар – денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымында және емдеу және (немесе) білім беру процестерінде клиникалық базада қолданылатын медициналық бұйымдар, оқу жабдықтары (муляждар);

      4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны;

      5) интеграцияланған академиялық медициналық орталық – білім беруді, зерттеулер мен клиникалық практиканы интеграциялау арқылы медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін ресурстарды бірлесіп пайдалану мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық білім беру ұйымын денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдармен және денсаулық сақтау ұйымдарымен біріктіру;

      6) медициналық білім беру ұйымы – "Денсаулық сақтау" даярлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

      7) университеттік аурухана – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының көпбейінді емдеу-профилактикалық құрылымдық бөлімшесі немесе көпбейінді емдеу-профилактикалық ұйым, оның базасында ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша медициналық білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады.";

      5-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) білім беру, ғылыми және клиникалық қызметті қамтамасыз ету үшін бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыру;";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 6-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы
Т. Мұратов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2026 жылғы 25 қыркүйектегі
№ 114 Бұйрыққа қосымша
Казақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2020 жылғы 21 желтоқсандағы
ҚР ДСМ-304/2020 бұйрығына
6-қосымша

Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы және оған қойылатын талаптар туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы және оған қойылатын талаптар туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 220-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) бейінді маман – денсаулық сақтау саласында сертификаты бар жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкері;

      2) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы – "Денсаулық сақтау" және (немесе) "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыруға (медицина) байланысты пәнаралық бағдарламалар" даярлау бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;

      3) интерн-дәрігер – интернатура шеңберінде білім алып жүрген және тәлімгердің басшылығымен клиникалық және (немесе) санитариялық-эпидемиологиялық практикаға шектеулі рұқсатпен кәсіби даярлықтан өтіп жатқан дәрігер;

      4) санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы – санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі интернатура бағдарламалары іске асырылатын, денсаулық сақтау саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының ғылыми-практикалық базасы;

      5) тәлімгер – медициналық және фармацевтикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мен жас мамандарды кәсіптік құзыреттерді, практикалық дағдыларды меңгеру және кәсіптік бейімделу процесінде сүйемелдеу үшін денсаулық сақтау ұйымының, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының басшысы тағайындайтын, кемінде бес жыл өтілі бар, қызметін білім берудің, ғылым мен практиканың үш тұғырлығы негізінде жүзеге асыратын медицина немесе фармацевтика қызметкері;

      3. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының мәртебесін:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының филиалдары;

      3) обаға қарсы станциялар;

      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдары алады;

      4. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы қызметін денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымымен жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.

      5. Интерн-дәрігердің кәсіптік даярлығы интернатураның білім беру бағдарламасына, жеке даярлық жоспарына сәйкес және тәлімгердің тікелей жетекшілік етуімен жүзеге асырылады.

2-тарау. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының негізгі міндеттері мен функциялары

      6. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының негізгі міндеттері:

      1) санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы бейініне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының интерн-дәрігерлеріне практикаға бағдарланған даярлау үшін қажетті жағдайлар жасау;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы жұмыскерлерін үздіксіз кәсіби дамыту үшін, санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының жұмысына ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет нәтижелерін енгізу үшін денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін пайдалану,

      3) интерн-дәрігердің санитариялық-эпидемиологиялық бейін мамандықтары бойынша кәсіби құзыреттілігі мен практикалық дағдыларын қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы білім беру процесін және практикалық қызметті интеграциялауды қамтамасыз ету;

      5) интерн-дәрігердің санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі ұйымдарда және мекемелерде жұмыс істеуде практикалық тәжірибе алуын қамтамасыз ету;

      6) интерн-дәрігердің дербес кәсіби қызметке кәсіптік бейімделуіне жәрдемдесу;

      7) интернатураның білім беру бағдарламасын толық көлемде орындауды қамтамасыз ету;

      8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың құқықтық негіздерін игеруді қамтамасыз ету;

      9) адамның тіршілік ету ортасының факторларын зертханалық зерттеулер мен өлшеулер бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама әдістеріне оқыту;

      10) карантиндік инфекциялар (оба, тырысқақ) бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын ұйымдастыру, аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізу бойынша дағдыларды игеруді қамтамасыз ету.

      7. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы жүктелген міндеттерді орындау үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) интерн-дәрігерге кәсіптік даярлықтан өтуге қажетті техникалық құралдармен, жабдықтармен жарақталған жұмыс орнын беру;

      2) тәлімгер тағайындау;

      3) интерн-дәрігердің интернатураның білім беру бағдарламасын игеруі үшін жағдайлар жасау;

      4) интерн-дәрігердің білім беру бағдарламасына және жеке даярлық жоспарына сәйкес ұйымның қызметіне қатысуын қамтамасыз ету;

      5) білім беру бағдарламасын игеруге қажетті нормативтік құқықтық актілерге, әдістемелік ұсынымдарға және өзге де құжаттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      6) интерн-дәрігердің:

      мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

      санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу;

      инфекциялық және инфекциялық емес ауруларға эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асыру;

      санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру;

      санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды және халықтың сырқаттанушылығын талдау;

      сыртқы орта объектілерінен сынамалар алуды және зертханалық және аспаптық зерттеулер мен өлшеулер жүргізуді, адамдарды зерттеп-қарауды ұйымдастыру;

      жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау;

      нұсқамалар, қаулылар, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылар, актілер, хаттамалар, хаттар және өзге де құжаттардың жобаларын дайындау;

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қолданылатын мемлекеттік цифрлық жүйелермен және цифрлық ресурстармен жұмыс істеу;

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      мемлекеттік көрсетілетін қырзметтерді жүзеге асыру;

      адамның тіршілік ету ортасы факторларын зертханалық зерттеулер мен өлшеулер бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу;

      аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру бойынша практикалық дағдыларды игеру мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      7) интерн-дәрігердің ұйымның бейінді құрылымдық бөлімшелері (санитариялық-гигиеналық, эпидемиологиялық, зертханалық және қызметтің өзге де бағыттары) арасында ауысуын қамтамасыз ету;

      8) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау, қызметтік, медициналық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтау туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету;

      9) интерн-дәрігерге жеке қорғану құралдарын беру;

      10) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымымен бірлесіп интерн-дәрігердің кәсіби құзыреттіліктер мен практикалық дағдыларды игеруін бағалауға қатысу.

3-тарау. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базаларына қойылатын талаптар

      8. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасы мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында қызметті жүзеге асыру;

      2) денсаулық сақтау ұйымы мен денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы арасында бірлескен қызмет туралы шарттың болуы;

      3) интерн-дәрігерлерді даярлау кезеңінде санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының білікті бейінді мамандарын тәлімгер ретінде тарту мүмкіндігін беру;

      4) интерн-дәрігерлердің кәсіптік даярлығын жоспарлау, ұйымдастыру және нәтижелерін бағалау мәселелері бойынша денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.

      9. Санитариялық-эпидемиологиялық практика базасының басшысы интерн-дәрігердің кәсіптік даярлықты сапалы өтуі үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді, тәлімгер тағайындайды және осы Ереженің талаптарының сақталуына жауапты болады.

      10. Интерн-дәрігерді даярлауға тартылатын тәлімгер интерн-дәрігердің теория мен практиканы бекітуіне жәрдемдеседі, практикалық даярлықтың сапасын бақылауды жүзеге асырады және мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) негізгі қызмет бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар бейінді маман;

      2) медициналық білім берудің тиісті деңгейінде білім беру бағдарламасын іске асыру үшін тәлімгер ретінде даярлықтықтың болуы (сертификаттық біліктілікті жоғарлату курсы).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады