Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 25 қыркүйектегі № 215 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қыркүйекте № 39993 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Кейбір бұйрықтарға мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Көміртегі бірліктерін сату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушының 2021 жылғы 29 маусымдағы № 221 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23719 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың атауы "Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидаларын бекіту туралы" деп өзгертілсін;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2) "Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 шiлдедегі № 251 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23555 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3) "Валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26587 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларында:

      2-тармақта:

      9-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "9-1) верификатор – верификациялауды жүргізуге және верификациялау жөніндегі есепке жауапты құзыретті және бейтарап тұлға;";

      мынадай мазмұндағы 9-2) тармақшамен толықтырылсын:

      9-2) Париж келісімінің нарықтық тетіктері шеңберіндегі валидациялау және верификациялау жөніндегі орган – Париж келісімі Тараптары кеңесінің шешімдеріне сәйкес, оның ішінде Париж келісімінің 6-бабының 4-тармағының тетігі жөніндегі қадағалау органының басқаруымен халықаралық деңгейде аккредиттелген заңды тұлға.";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) верификациялау – парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепте, парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы есепте және Париж келісімінің нарықтық тетіктері жобалары бойынша есепте көрсетілген мәліметтердің халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаудың және анықтығын растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен ресімделген процесі;";

      19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19) квоталау субъектісі мониторингінің жоспары – Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 293-бабының 1-тармағына сәйкес нысан бойынша жасалатын, квоталанатын қондырғының парниктік газдар шығарындыларына мониторинг жүргізуді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын құжат.".

      4) "Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 28 наурыздағы № 91 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27301 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулері саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 87-3-тармақпен толықтырылсын:

      "87-3. Жүйе операторы Кодекстің 289-бабының 8-тармағында белгіленген көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі өткен күннің алдындағы күннен кешіктірмей көміртегі квотасының өтелмеген бірліктерін ағымдағы Ұлттық жоспардан кейінгі Ұлттық жоспарға көшіруді жүзеге асырады.";

      90-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "90. Жүйе операторы жыл сайын осы Қағидалардың 89-тармағында көрсетілген көміртегі квотасының бірліктерін алып қояды.

      Жүйе операторы белгіленген тәртіппен тіркелген верификацияланған есептер негізінде есептер тіркелген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде көміртегі квотасының бірліктерін мынадай формула бойынша жыл сайын алады:

      I = ((Y – X) × Z) × K,

      мұнда:

      I – алынатын көміртегі квотасының көлемі;

      Y - қолданыстағы Ұлттық жоспарға сәйкес қондырғы үшін бір жылға көміртегі квотасын есептеу үшін пайдаланылған өнім көлемінің мәні;

      X - алдыңғы есепті жыл бойынша верификацияланған есепте көрсетілген расталған өнім көлемі;

      Z – бенчмарк;

      K - қолданыстағы Ұлттық жоспарға сәйкес қондырғы үшін бір жылға көміртегі квотасын есептеу кезінде қолданылатын көміртегі квотасын қысқарту коэффициенті.";

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық, 2026 жылғы 29 қыркүйекте қолданысқа енгізілетін 1-тармақ 4) тармақшасының төртінші абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология және табиғи ресурстар министрі
А. Куантыров

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бәсекелестікті қорғау

      және дамыту агенттігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Стратегиялық жоспарлау

      және реформалар агенттігінің

      Ұлттық статистика бюросы


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Жасанды интеллект

      және цифрлық даму министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының Қаржы

      нарығын реттеу және дамыту агенттігі

  2026 жылғы 25 қыркүйектегі
  № 215 Бұйрыққа
  1-қосымша
  "Көміртегі бірліктерінің
  саудасы қағидаларын бекіту
  туралы" Қазақстан Республикасы
  Экология, геология және табиғи
  ресурстар министрі міндетін
  атқарушының 2021 жылғы
  29 маусымдағы № 221
  бұйрығымен бекітілген

Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көміртегі бірліктерінің саудасы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 299-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында көміртегі нарығының субъектілері жүзеге асыратын көміртегі бірліктерінің сауда тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) қайталама көміртегі нарығы – квоталау субъектілерінің немесе көміртегі офсеттерін сатуға қатысатын жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша тікелей мәміле немесе тауар немесе қор биржасы арқылы жүзеге асырылатын көміртегі бірліктерін сатып алу-сату;

      2) лот – шарт бойынша сатылатын немесе жеткізілетін және аукционда сатуға қойылатын көміртегі квотасы бірліктерінің немесе офсеттік бірліктердің партиясы;

      3) көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның парниктік газдар шығарындыларын реттеу жөніндегі ведомстволық бағынысты ұйымы, парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілімдері саласындағы мемлекеттік реттеуді және халықаралық ынтымақтастықты техникалық және сараптамалық қолдауды қамтамасыз ететін;

      4) бастапқы көміртегі нарығы – көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторының көміртегі нарығының субъектілеріне аукцион шарттарында Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының (бұдан әрі – Ұлттық жоспар) тиісті резерв санатынан және көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін сатуы;

      5) сауда күні – тауар немесе қор биржасы белгілеген, күнтізбелік күн шегінде биржалық сауда жүргізілетін кезең;

      6) көміртегі бірлігі – көміртегі квотасының немесе көміртегі офсетінің есептік бірлігі, көмірқышқыл газының бір тоннасына тең;

      7) көміртегі нарығының субъектілері – квоталау субъектілері, көміртегі офсеттерін сатуға қатысатын жеке және заңды тұлғалар және көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы;

      8) клирингтік ұйым – тауар биржасының клирингтік орталығы немесе қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйым;

      9) қор биржасының депозитарийі (бұдан әрі – депозитарий) – Орталықтың актілеріне сәйкес депозитарийлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылардың есепке алу жүйесін және тізілімдер жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру жөніндегі қызметті, қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      10) аукционның есеп айырысу бағасы – аукцион қорытындылары бойынша көміртегі квотасы бірліктерін сатып алуға қабылданған барлық өтінімдер қанағаттандырылатын бірыңғай баға, ол бағасы осы бағаға тең немесе одан жоғары өтінімдердің жиынтық көлемі аукционға қойылған квоталардың көлеміне жететін немесе одан асатын өтінімнің ең төменгі бағасы ретінде айқындалады;

      11) Орталықтың актісі – "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары және (немесе) "Астана" халықаралық қаржы орталығының органдары және (немесе) олардың қызметкерлері арасында туындайтын қатынастарды реттейтін, "Астана" халықаралық қаржы орталығының органы қабылдаған жазбаша ресми құжат;

      12) қор биржасы – сауданы ұйымдастырушының сауда жүйелерін пайдалана отырып, оларды тікелей өткізу арқылы сауданы ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      13) биржалық баға белгіленімі – қор және (немесе) тауар биржасында сауда күні ішінде жасалған мәмілелердің осы Қағидаларға сәйкес есептелетін орташа өлшемді бағасы;

      14) тікелей мәміле – тараптардың оның талаптарын алдын ала келісуі арқылы жасалатын мәміле;

      15) тікелей биржалық мәміле – қор биржасында оның ішкі құжаттарына сәйкес жасалатын тікелей мәміле;

      16) тікелей биржадан тыс мәміле – қор және (немесе) тауар биржасының сауда алаңынан тыс жерде сатып алу-сату шарты арқылы жасалатын тікелей мәміле;

      17) сауда шоты – Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде ашылған клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотының көміртегі бірліктерін бөлек есепке алуға арналған жеке бөлігі.

      3. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасында айналымға шығарылған көміртегі бірліктерінің сауда тәртібін белгілейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көміртегі нарығы субъектілері арасында осындай сауда кезінде туындайтын қатынастарды реттейді.

2-тарау. Көміртегі бірліктерінің сауда тәртібі

      4. Көміртегі нарығының бастапқы нарығында көміртегі квотасының бірліктерін өткізу үшін қор биржасы осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның шешімімен айқындалады.

      Қор биржасын айқындау аукциондарды өткізу күнтізбесі бекітілгенге дейін, уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында шешім мен өзара іс-қимыл шарттары жариялана отырып жүзеге асырылады

      5. Бастапқы және қайталама көміртегі нарықтарында көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктерін құрайтын қаржы құралдарымен сауда жүргізетін қор биржасы бір мезгілде мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:

      1) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын және көміртегі бірліктерін жеткізуді көздейтін қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клирингті орталық контрагент функцияларын орындайтын клирингтік ұйым жүзеге асырады;

      2) көміртегі бірліктерінің биржалық баға белгіленімі қалыптастырылады, ал көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша ақшалай есеп айырысулар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүзеге асырылады;

      3) сауданы жүргізу және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімімен ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын қор биржасының ақпараттық жүйелері қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдықтарға қойылатын талаптарға сәйкес келеді;

      4) қаржы құралдарымен биржалық сауданы ұйымдастыру тәжірибесі кемінде он жылды құрайды;

      5) сауда өткізу тәртібін реттейтін қор биржасының ішкі құжаттары қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді;

      6) аукционның есеп айырысу бағасы қор биржасының сауда жүйесінде осы Қағидаларға сәйкес айқындалады;

      7) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша сауданы өткізу, клиринг, есеп айырысу, мәмілелерді орындау және мәмілелер туралы ақпаратты беру тәртібі осы Қағидаларға және қор биржасы мен клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Қайталама көміртегі нарығында көміртегі бірліктерімен сауда жүзеге асырылатын сауда алаңындағы тауар биржасы бір мезгілде келесі өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:

      1) Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес тауар биржасы қызметін жүзеге асырады;

      2) көміртегі бірліктерінің саудасы биржалық саудаға қатысушылардың электрондық өтінімдерін беруді, тіркеуді, салыстыруды және сақтауды қамтамасыз ететін тауар биржасының электрондық сауда жүйесі арқылы жүзеге асырылады;

      3) көміртегі бірліктерінің биржалық баға белгіленімі қалыптастырылады, ал мәмілелер бойынша ақшалай есеп айырысу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүзеге асырылады;

      4) сауда жүргізу және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімімен ақпараттық өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауар биржасының ақпараттық жүйелері ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарына сәйкес келеді;

      5) көміртегі бірліктерімен сауда өткізу тәртібін реттейтін тауар биржасының ішкі құжаттары қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді;

      6) биржалық тауарлармен биржалық сауданы ұйымдастыру тәжірибесі кемінде 10 жылды құрайды;

      7) көміртегі бірліктерімен мәмілелер бойынша сауданы, клирингті, есеп айырысуды жүргізу, мәмілелерді орындау және ақпаратты беру тәртібі осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Бастапқы көміртегі нарығында Ұлттық жоспардың ағымдағы және (немесе) мерзімі өткен есепті кезеңдеріне бөлінген көміртегі квотасы бірліктері, сондай-ақ көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен сатылатын көміртегі квотасы бірліктері ғана саудаланады.

      8. Қайталама көміртегі нарығында Ұлттық жоспардың есепті кезеңіне қарамастан бірліктер саудаланады.

      9. Көміртегі бірлігі – тауар және (немесе) қор биржасының сауда алаңында айналымға жіберілген биржалық тауар.

      10. Тікелей биржадан тыс мәмілелер бойынша көміртегі бірліктерін сату фактісі оларды сатушының шотынан есептен шығару және Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі сатып алушының шотына есепке жатқызу арқылы тіркеледі.

      11. Қор және (немесе) тауар биржасында көміртегі бірліктерін сату фактісі оларды клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында ашылған сатушының сауда шотынан есептен шығару және Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі сатып алушының шотына есепке жатқызу арқылы тіркеледі.

      12. Қор биржасында көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болып табылатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға жол беріледі, олар мәміле жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде құқықтарды аудару арқылы көміртегі бірліктерін жеткізуді көздейді.

      Көміртегі бірлігімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірлігі болатын бір қаржы құралына бір көміртегі бірлігі сәйкес келеді.

      13. Тауар биржасында көміртегі бірліктерінің саудасы Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына, тауар биржасының ішкі құжаттарына, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      14. Қор биржасында көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен сауда жасау тәртібі бағалы қағаздар нарығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына және (немесе) орталықтың актілеріне, қор биржасының ішкі құжаттарына, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес айқындалады.

      15. Қор және (немесе) тауар биржасында көміртегі бірліктерін сату және сатып алу жөніндегі мәмілелер және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер көміртегі нарығы субъектілерінің атынан және олардың мүдделері үшін тауар биржалары саласындағы брокер немесе бағалы қағаздар нарығындағы брокер арқылы жасалады, бұған көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі квотасы бірліктерін сату кезінде жасайтын мәмілелер қосылмайды.

      16. Қор биржасының сауда алаңына қолжетімділікті ұсыну тәртібі және саудаға қатысу тәртібі аукцион өткізілетін қор биржасының ішкі құжаттарымен реттеледі.

      17. Көміртегі бірліктерімен сауданы және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру және оларға қызмет көрсету, клирингті, есеп айырысуды және көміртегі бірліктерін жеткізуді қамтамасыз ету үшін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы, тиісті қор және (немесе) тауар биржасы, сондай-ақ оған қызмет көрсететін клирингтік ұйым және (немесе) депозитарий қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген сауданы өткізу, клиринг, есеп айырысу және көміртегі бірліктерін жеткізу мақсатында өзара іс-қимыл және ақпаратпен электрондық алмасуды жүзеге асыру туралы шарт жасасады.

      18. Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген шартты осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған қор биржасымен, сондай-ақ осы биржаға қызмет көрсететін клирингтік ұйыммен және (немесе) депозитариймен қор биржасы айқындалған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде жасайды.

      Бастапқы көміртегі нарығында аукциондарды көрсетілген шарт күшіне енгенге дейін өткізуге жол берілмейді.

      19. Осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін және қайталама көміртегі нарығында көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктерін құрайтын қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыруға ниетті қор және (немесе) тауар биржасы осындай сауданы ұйымдастыру ниеті туралы өтінішпен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жүгінеді.

      Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган өтінішті қарайды және қор биржасының осы Қағидалардың 5-тармағында белгіленген өлшемшарттарға, ал тауар биржасының осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігі анықталған жағдайда, бұл туралы қор және (немесе) тауар биржасын және көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторын хабардар етеді. Осыдан кейін осындай биржамен және оған қызмет көрсететін клирингтік ұйыммен және (немесе) депозитариймен осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген шартты жасасу жүзеге асырылады.

      20. Осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген шарт жасалған қор және (немесе) тауар биржаларының тізбесі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.

      21. Көміртегі бірліктерінің бағалары туралы анық ақпарат алу мақсатында қалыптасқан нарық конъюнктурасын ескере отырып, тауар немесе қор биржасында көміртегі бірлігіне биржалық баға белгіленімі айқындалады.

      Қор биржасында биржалық баға белгіленімін есептеу кезінде көміртегі бірлігіне биржалық баға белгіленімі деп көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірлігі болып табылатын қаржы құралының биржалық баға белгіленімі түсініледі.

      22. Көміртегі бірлігінің биржалық баға белгіленімі қайталама көміртегі нарығында қор және (немесе) тауар биржасында сауда күні ішінде жасалған көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктерін құрайтын қаржы құралдарымен жасалған мәмілелердің тікелей биржалық мәмілелерді есепке алмай есептелген орташа өлшемді бағасы ретінде айқындалады.

      Бір мәміле жасалған жағдайда биржалық баға белгіленімі осындай мәміленің бағасына тең болып қабылданады.

      23. Биржалық баға белгіленімдері осы Қағидаларға және Кодекске сәйкес тікелей мәміле бағасының ең төменгі деңгейі ретінде пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, биржалық саудаға қатысушылар үшін анықтамалық сипатта болады.

      Тікелей мәміленің бағасының ең төменгі деңгейін айқындау мақсатында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қор биржалары және (немесе) тауар биржалары ұсынған мәліметтер негізінде соңғы сауда күнінің қорытындылары бойынша қалыптасқан көміртегі бірлігінің ең жоғары биржалық баға белгіленімін айқындайды және оны көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының ресми интернет-ресурсында жариялайды. Бұл ретте көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасалған соңғы сауда күні ескеріледі.

      24. Тікелей мәміле жасалған күннің алдындағы күнге тауар немесе қор биржасында көміртегі бірлігінің биржалық баға белгіленімі болмаған кезде, тікелей мәміле бағасының ең төменгі деңгейі қайталама көміртегі нарығында соңғы сауда жүргізілген күнге қалыптасқан қолжетімді соңғы биржалық баға белгіленімдердің ең жоғарысы бойынша айқындалады.

      25. Қор және (немесе) тауар биржасында жасалатын көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелер бойынша клирингті және (немесе) есеп айырысуды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде тиісті биржаға қызмет көрсететін клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шоты ашылады, онда көміртегі бірліктері есепке алынады және оларды аудару жөніндегі операциялар көрсетіледі.

      26. Көміртегі нарығының субъектілері қайталама көміртегі нарығында қор және (немесе) тауар биржасында көміртегі бірліктерін сату мақсатында сатуға жататын көміртегі бірліктерін өз шоттарынан Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде тиісті клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында ашылған сауда шоттарына Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде аударады.

      27. Қор және (немесе) тауар биржасында көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде қамтамасыз етуді енгізу, ұстап қалу және қайтару тәртібі көміртегі бірліктерімен сауда жүзеге асырылатын қор және (немесе) тауар биржасының клирингтік ұйымының және (немесе) депозитарийінің ішкі құжаттарымен айқындалады.

      28. Шоттар бойынша операциялар осы Қағидаларға және Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      29. Сатып алушының шотына есепке жатқызылған және кейіннен Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі өтеу шотына және (немесе) жою шотына аударылған көміртегі бірліктері сатушыға қайтарылуға жатпайды.

3-тарау. Бастапқы көміртегі нарығындағы көміртегі бірліктерінің сауда тәртібі

      30. Тиісті жылы аукцион талаптарымен сатылуға жататын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы тиісті жылға арналған аукциондар өткізу күнтізбесінде көзделген аукциондар арасында тең көлемде бөледі.

      31. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы жыл сайын тиісті күнтізбелік жылдың қаңтар айында тиісті күнтізбелік жылға арналған аукциондар өткізу күнтізбесін бекітеді және оның өзінің интернет-ресурсында, сондай-ақ бастапқы көміртегі нарығы ұйымдастырылатын сауда алаңы орналасқан қор биржасының интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді.

      32. Бекітілген жыл сайынғы аукциондар өткізу күнтізбесіне өзгерістерді көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.

      Өзгертілген күнтізбе көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының интернет-ресурсында, сондай-ақ аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасының интернет-ресурсында орналастырылады.

      Күнтізбеге өзгерістер мынадай жағдайларда енгізіледі:

      1) күнтізбені парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілімдерін мемлекеттік реттеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес келтіру;

      2) сауданы өткізуді мүмкін етпейтін техникалық немесе ұйымдастырушылық мән-жайлардың туындауы.

      33. Осы Қағидалардың 32-тармағында көзделген мән-жайлар аукцион өткізілетін күнге дейін 7 (жеті) жұмыс күнінен аз уақыт қалғанда туындаған жағдайда, көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі нарығының субъектілерін және аукцион ұйымдастырылатын сауда алаңы орналасқан қор биржасын жыл сайынғы күнтізбеде көзделген жоспарланған аукцион күнінің ауыстырылатыны туралы жыл сайынғы күнтізбеде бастапқыда белгіленген аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      Аукцион өткізудің жаңа күнін бекіту және аукцион өткізудің жаңа күні туралы хабарламаны көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының және аукцион ұйымдастырылатын сауда алаңы орналасқан қор биржасының ресми интернет-ресурстарында орналастыру аукцион өткізу күнін ауыстыру туралы шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      34. Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінен көміртегі квотасы бірліктерін аукцион арқылы сату бекітілген жыл сайынғы күнтізбеден тыс аукционда жүзеге асырылады.

      35. Жыл сайынғы күнтізбеде көзделмеген аукциондарды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидаларына сәйкес бастамашылық етеді, бұл ретте көміртегі нарығының субъектілерін және аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасын оларды өткізу жоспарланған күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      36. Аукционда көміртегі квотасы бірліктерін сату осы Қағидаларға, көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы, қор биржасы және клирингтік ұйым және (немесе) депозитарий арасында жасалған шартқа, сондай-ақ қор биржасының және клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      37. Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі квотасы бірліктерін сатушы көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы болып табылады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукцион өткізудің бастамашысы және осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген қамтамасыз ету және (немесе) қаржы құралдарының базалық активі болатын көміртегі квотасы бірліктерінің болуын қамтамасыз етеді.

      38. Бастапқы көміртегі нарығында көміртегі квотасы бірліктерін сатып алушылар көміртегі нарығының субъектілері болып табылады.

      39. Осы Қағидаларда сауданың ең төменгі бағасы деп аукцион басталғанға дейін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы белгілейтін және қатысушыларға жария түрде хабарланатын, көміртегі бірлігімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірлігі болатын бір қаржы құралын сатып алуға берілетін өтінімнің жол берілетін ең төменгі бағасы түсініледі.

      Сауданың ең төменгі бағасынан төмен бағамен берілген сатып алушылардың өтінімдері қарауға қабылданбайды және бастапқы көміртегі нарығы ұйымдастырылатын сауда алаңы орналасқан қор биржасы оларды жоюға тиіс.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы сауданың ең төменгі бағасын белгілейді және оны жоспарланған аукцион өткізу күніне дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей жариялайды:

      1) бірінші аукцион үшін – тауар биржасында көміртегі квотасы бірліктерімен жасалған соңғы қолжетімді 10 (он) мәміле бойынша көміртегі квотасының бір бірлігіне орташа өлшемді баға деңгейінде;

      2) әрбір кейінгі аукцион үшін – бастапқы көміртегі нарығындағы алдыңғы аукционның соңғы есеп айырысу бағасы деңгейінде.

      40. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасына аукцион өткізуге арналған өтінімді аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      Қор биржасы аукцион өткізуге арналған өтінім негізінде аукцион өткізу туралы ақпаратты қор биржасының ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы көміртегі нарығының субъектілерін хабардар етеді.

      Аукцион өткізуге арналған өтінімде мынадай ақпарат қамтылады:

      1) өтінімдерді қабылдау күні;

      2) өтінімдерді қабылдау кезеңінің басталу уақыты;

      3) осы Қағидалардың 54-тармағына сәйкес өтінімдерді қабылдау кезеңінің аяқталу уақыты;

      4) қамтамасыз ету ретінде ұсынылатын не қаржы құралдарын шығару кезінде базалық актив ретінде пайдаланылатын көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі;

      5) осы Қағидалардың 39-тармағына сәйкес айқындалған сауданың ең төменгі бағасы;

      6) осы Қағидалардың 50-тармағына сәйкес айқындалған бір қатысушыдан берілетін өтінімнің ең жоғары көлемі;

      7) көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторына қамтамасыз ету ретінде көміртегі квотасы бірліктерін Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде ашылған қор биржасының клирингтік ұйымының және (немесе) депозитарийінің шотындағы өзінің сауда шотына аударғаны туралы хабарлама.

      41. Бастапқы көміртегі нарығында сауда осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген қаржы құралдарымен "Т+2" режимінде мәмілелер жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      42. Аукцион қорытындысы бойынша қор биржасы көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына аукцион қорытындыларының хаттамасын және Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі квотасы бірліктерін сатып алушыларға аудару үшін қажетті мәліметтерді қамтитын сатып алушылар тізілімін жібереді.

      Аукцион қорытындыларының хаттамасында

      1) аукцион өткізілген күн мен уақыт;

      2) аукционға қойылған квоталардың көлемі;

      3) сауданың ең төменгі бағасы;

      4) аукционның есеп айырысу бағасы;

      5) қанағаттандырылған өтінімдердің жалпы көлемі;

      6) аукционның мәртебесі (өткізілді / өткізілмеді) көрсетілуге тиіс.

      Сатып алушылар тізілімінде әрбір сатып алушы бойынша:

      1) сатып алушының сәйкестендіру деректері;

      2) сатып алушының аукционға қатысқан брокері туралы мәліметтер;

      3) көміртегі квотасы бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі квотасы бірліктері болатын сатып алынған қаржы құралдарының көлемі;

      4) аукционның есеп айырысу бағасы;

      5) мәміленің жалпы сомасы қамтылуға тиіс.

      43. Сауда нәтижелері бойынша клиринг және есеп айырысу көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторы сатып алушының және мәміленің осы Қағидалар талаптарына сәйкестігін растағаннан кейін аукцион аяқталған күннен бастап 2 (екінші) жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукцион аяқталған күннен кейінгі 2 (екінші) жұмыс күнінен кешіктірмей клирингтік ұйымнан және (немесе) депозитарийден алынған құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ есеп айырысулардың аяқталғанын растайтын құжат негізінде сатылған көміртегі квотасы бірліктерін Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі сатып алушылардың шоттарына аудару жөніндегі операцияларды жүзеге асырады.

      44. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қор биржасы ұсынған мәліметтер негізінде сатып алушының не мәміленің Кодекс және (немесе) осы Қағидалар талаптарына сәйкес келмейтінін анықтаған жағдайда, мәміленің орындалуы тоқтатыла тұрады және анықталған сәйкессіздік туралы қор биржасына, клирингтік ұйымға және (немесе) депозитарийге және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарланады.

      Қор биржасы Кодекс және (немесе) осы Қағидалар талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған мәмілелерді аукцион нәтижелерінен алып тастайды және аукционның түзетілген нәтижелерін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына және клирингтік ұйымға және (немесе) депозитарийге жібереді.

      Сәйкессіздік клиринг және (немесе) есеп айырысу жүргізу аяқталғаннан кейін анықталған жағдайда, аукцион нәтижелері өзгертілуге жатпайды, бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шаралар қолданылады.

      45. Аукцион жабық аукцион түрінде өткізіледі, бұл ретте саудаға қатысушылар өтінімдерді белгіленген өтінімдерді қабылдау кезеңі ішінде брокерлер арқылы қор биржасына басқа саудаға қатысушылардың өтінімдері туралы ақпаратқа қолжетімділіксіз береді.

      46. Өтінімнің ең төменгі көлемі 1 лотты құрайды.

      Бір лот 100 (жүз) көміртегі квотасы бірлігін құрайды.

      47. Әрбір өтінімде мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) бизнес-сәйкестендіру нөмірі немесе жеке сәйкестендіру нөмірі;

      2) өтінімнің лоттардағы көлемі;

      3) көміртегі квотасының бірлігімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі квотасының бірлігі болып табылатын қаржы құралы үшін үтірден кейін екі таңбаға дейінгі дәлдікпен теңгемен ұсынылатын баға.

      48. Әрбір өтінім тек өтінімдерді қабылдау кезеңі ішінде ғана берілуі, өзгертілуі немесе кері қайтарылуы мүмкін.

      49. Аукционның есеп айырысу бағасы сауда сессиясы аяқталғаннан кейін айқындалады.

      Әрбір жеңімпаз саудаға қатысушы берілген баға өтініміне қарамастан, әрбір квота үшін аукциондағы бірыңғай есеп айырысу бағасы бойынша төлейді.

      50. Бір сатып алушының осы аукционда бір немесе бірнеше брокер арқылы берген көміртегі квотасының бірлігімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі квотасының бірлігі болатын қаржы құралын сатып алуға арналған өтінімдерінің жиынтық көлемі осындай аукционда сатуға шығарылған көміртегі квотасының бірлігімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі квотасының бірлігі болатын қаржы құралы көлемінің 20 (жиырма) пайызынан аспауға тиіс.

      Осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген талапқа сәйкес келмейтін өтінімдер қарауға қабылданбайды.

      51. Сатып алуға арналған өтінімдерді қабылдау кезеңі аяқталғаннан кейін аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасының сауда жүйесі өтінімдерді өңдеуді және аукцион нәтижелерін айқындауды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:

      1) берілген сатып алуға арналған барлық өтінімдердің жиынтық тізілімін қалыптастырады;

      2) сатып алуға арналған өтінімдерді оларда көрсетілген бағалардың кему тәртібімен, ал бағалар тең болған кезде олардың қор биржасының сауда жүйесіне келіп түсу кезектілігі тәртібімен реттейді;

      3) сауда сессиясы аяқталғаннан кейін ең жоғары бағасы бар өтінімнен бастап өтінімдердің көлемдерін дәйекті түрде қосу арқылы аукционның есеп айырысу бағасын автоматты түрде айқындайды;

      4) аукционның есеп айырысу бағасын бағасы осындай бағаға тең немесе одан жоғары өтінімдердің жиынтық көлемі аукционға қойылған көміртегі квотасы бірліктерінің көлеміне алғаш рет жететін немесе одан асатын өтінімнің ең төменгі бағасы ретінде айқындайды;

      5) өтінімдерді мынадай тәртіппен қанағаттандырады: аукционның есеп айырысу бағасынан жоғары бағамен берілген өтінімдер аукционның есеп айырысу бағасы бойынша толық көлемде қанағаттандырылады; аукционның есеп айырысу бағасына тең бағамен берілген өтінімдер толық қанағаттандырылғаннан кейін қалған көміртегі квотасы бірліктерінің қалдық көлемі шегінде осы Қағидалардың 52-тармағына сәйкес қанағаттандырылады; аукционның есеп айырысу бағасынан төмен бағамен берілген өтінімдер қанағаттандырылмаған болып танылады;

      6) аукцион нәтижелері туралы, оның ішінде қанағаттандырылған өтінімдер, ішінара қанағаттандырылған өтінімдер және қанағаттандырылмаған өтінімдер туралы ақпаратты қамтитын мәліметтерді қалыптастырады;

      7) қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен нарыққа қатысушыларға аукцион нәтижелері туралы хабарлайды.

      52. Егер аукционның есеп айырысу бағасына тең немесе одан жоғары бағамен берілген өтінімдердің жалпы көлемі сатуға шығарылған, көміртегі квотасы бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі квотасы бірліктері болатын қаржы құралының көлемінен асып кетсе, аукционның есеп айырысу бағасына тең өтінім берген қатысушы аукционның есеп айырысу бағасынан жоғары бағамен берілген барлық өтінімдер қанағаттандырылғаннан кейін қалған көміртегі квоталарының көлемін алады.

      Бұл ретте аукционның есеп айырысу бағасына тең екі немесе одан көп өтінім болған жағдайда, есеп айырысу бағасынан жоғары барлық өтінімдер қанағаттандырылғаннан кейін қалған көлем берілген өтінімдердің көлеміне пропорционалды түрде, лоттардың бүтін санына дейін дөңгелектей отырып, осы өтінімдер арасында бөлінеді, ал бөлінбеген қалдық өтінімдердің келіп түсу кезектілігі тәртібімен бір лоттан бөлінеді.

      53. Қарауға қабылданған өтінімдердің (сауданың ең төменгі бағасынан төмен емес бағамен) жиынтық көлемі аукционға қойылған квоталардың көлемінен аз болған жағдайда, қор биржасының сауда жүйесі барлық қабылданған өтінімдерді қанағаттандырады. Бұл жағдайда аукционның есеп айырысу бағасы қабылданған өтінімдерде көрсетілген ең төменгі баға болып табылады.

      Бөлінбеген көміртегі квоталарының қалған көлемін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукциондар өткізудің жыл сайынғы күнтізбесіне сәйкес ағымдағы күнтізбелік жылға жоспарланған келесі аукциондар арасында тең көлемде бөледі.

      Егер осы аукцион ағымдағы күнтізбелік жылдағы соңғы аукцион болып табылса, көміртегі квоталарының қалған көлемі осы тармақтың екінші абзацында белгіленген тәртіппен келесі күнтізбелік жылдың аукциондары арасында бөлінеді.

      Егер осы аукцион Ұлттық жоспардың қолданылу кезеңі шеңберіндегі соңғы аукцион болып табылса, көміртегі квоталарының қалған көлемі Көміртегі нарығын тұрақтандыру резервін басқару қағидаларында белгіленген тәртіппен көміртегі нарығын тұрақтандыру резервіне аударылуға жатады.

      54. Аукционға қатысуға арналған өтінімдерді қабылдау аукцион өткізілетін күні қор биржасында сауда сессиясы ашылған сәттен бастап 2 (екі) сағат ішінде жүзеге асырылады.

      55. Аукцион өткізілетін күні өтінімдерді қабылдау кезеңінде аукционға қатысуға қабылданған және жіберілген өтінімдер болмаған жағдайда, қор биржасы аукцион өткізілген күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні өткен соң осы Қағидалардың 54-тармағында белгіленген тәртіппен өтінімдерді қайта қабылдауды жүзеге асырады және қор биржасының ресми интернет-ресурсында ақпарат орналастыру арқылы көміртегі нарығының субъектілерін өтінімдерді қайта қабылдау туралы хабардар етеді.

      Өтінімдерді қайта қабылдау нәтижелері бойынша аукционға қатысуға қабылданған және жіберілген өтінімдер болмаған жағдайда, аукцион өткізілмеді деп танылады, бұл туралы көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.

      Өткізілмеген көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 53-тармағында белгіленген тәртіппен келесі аукциондарға бөледі.

      56. Аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасы өзінің аукциондарына кемсітусіз негізде қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс.

      57. Аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасы ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, өзінің жүйесіне қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      58. Қор биржасы әрбір сауда күнінің жұмыс уақытында телефон және электрондық пошта арқылы қолдау көрсету қызметіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

      59. Аукционға қатысу үшін сатып алушылардың атынан әрекет ететін брокерлер осы Қағидалардың 54-тармағында белгіленген аукционға қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін кешіктірмей, берілетін өтінім сомасынан кем емес мөлшерде ақшаны қамтамасыз ету ретінде клирингтік ұйымның банктік шотына және (немесе) аукцион өткізілетін сауда алаңындағы қор биржасының депозитарийінде ашылған шотқа енгізуді қамтамасыз етеді.

      60. Аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күні бұрын көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде аукцион өткізілетін сауда алаңы орналасқан қор биржасының клирингтік ұйымының және (немесе) депозитарийінің шотында ашылған көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының сауда шотына көміртегі бірліктерін қамтамасыз ету ретінде ұсынады.

4-тарау. Қайталама көміртегі нарығындағы көміртегі бірліктерінің сауда тәртібі

      61. Қайталама көміртегі нарығында көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен сауда көміртегі нарығы субъектілері арасында ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) нарықта тікелей мәмілелер жасасу арқылы не тауар немесе қор биржасында олардың ішкі құжаттарына сәйкес мәмілелер жасау арқылы жүзеге асырылады.

      62. Қайталама көміртегі нарығында қор биржасында жасалған, көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес жасалған шартта, сондай-ақ клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен мәміле жасалған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен тікелей биржалық мәмілелер бойынша есеп айырысу мәміле жасалған күні жүзеге асырылады.

      63. Тауар биржасында жасалған көміртегі бірліктерімен мәмілелер бойынша есеп айырысу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасында және тауар биржасының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, бірақ мәміле жасалған күннен бастап 2 (екінші) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      64. Қайталама көміртегі нарығында көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен мәмілелер жасалған әрбір сауда күнінің қорытындысы бойынша қор және (немесе) тауар биржасы көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына әрбір мәміле бойынша сатушы мен сатып алушы туралы мәліметтерді, көміртегі бірліктерінің және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген қаржы құралының көлемін, бір бірлігінің бағасын және мәміленің жалпы сомасын қамтитын жасалған мәмілелер тізілімін ұсынады.

      65. Қайталама көміртегі нарығында қор және (немесе) тауар биржасында жасалған мәмілелер бойынша көміртегі бірліктерін аударуды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 64-тармағында көрсетілген құжаттардың, сондай-ақ клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің есеп айырысулардың аяқталғаны туралы растауы негізінде жүзеге асырады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі бірліктерін клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында ашылған сатушының сауда шотынан Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі сатып алушының шотына осы Қағидалардың 62 және 63-тармақтарында белгіленген мерзімдерде аударады.

      66. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қор және (немесе) тауар биржасына Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында ашылған көміртегі нарығы субъектілерінің сауда шоттарындағы көміртегі бірліктерінің ағымдағы көлемдері туралы ақпаратты көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы мен қор және (немесе) тауар биржасы арасындағы шартта, сондай-ақ қор және (немесе) тауар биржасының ішкі нормативтік құжаттарында белгіленген тәртіпке сәйкес ұсынады.

      67. Көміртегі бірліктерімен тікелей биржадан тыс мәміле көміртегі нарығының субъектілері арасында мәміле жасалған күннің алдындағы күні қалыптасқан көміртегі бірлігінің биржалық баға белгіленімінің деңгейінен төмен емес баға бойынша сатып алу-сату шарты негізінде жасалады.

      Мәміле жасалған күннің алдындағы күні екі немесе одан да көп биржада баға белгіленімдері болған жағдайда, биржалық баға белгіленімінің ең жоғары мәні қолданылады.

      68. Сатып алу-сату шартында бір көміртегі бірлігінің бағасы бір тоннаға теңгемен, үтірден кейін екі таңбаға дейін дөңгелектей отырып көрсетіледі.

      69. Мәміленің жалпы сомасы иеліктен шығарылатын көміртегі бірліктерінің санын бір бірліктің бағасына көбейту арқылы айқындалады. Мәміленің түпкілікті сомасы шартта үтірден кейін екі таңбаға дейінгі дәлдікпен (тиынмен) көрсетіледі.

      70. Көміртегі бірліктері бойынша тікелей биржадан тыс мәміле жасалған жағдайда Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерін аударуды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы мынадай құжаттар ұсынылған кезде жүзеге асырады:

      1) көміртегі бірліктерін сатып алу-сату шарты;

      2) мәміленің жасалғаны туралы тараптардың бірлескен хабарламасы не шарттың деректемелері, сатылатын көміртегі бірліктерінің көлемі және мәміле сомасы көрсетілген сатушының жеке хабарламасы;

      3) көміртегі бірліктері үшін ақы төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжат.

      Ақша төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалғанын растайтын құжат ретінде төлем құжатының көшірмесі не сатып алу-сату шартында көзделген өзге де құжаттың көшірмесі қабылданады.

      Көрсетілген құжаттар көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына мәміле жасалған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      71. Көміртегі бірліктері бойынша тікелей биржадан тыс мәміле электрондық нысанда жасалған жағдайда электрондық сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбалардың түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігімен оған қол қоюға уәкілетті тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылған электрондық құжат нысанында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына ұсынылады.

      Шарт жасалған ақпараттық жүйе арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаларды тексеру мүмкін болмаған жағдайда, электрондық шарт электрондық цифрлық қолтаңба файлдарымен бірге Cryptographic Message Syntax (CMS) форматында ұсынылады.

      72. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерін сатушының шотынан сатып алушының шотына осы Қағидалардың 70-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде аударуды жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 70-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсынылған құжаттар орындалуға жатпайды.

      73. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы мәміленің коммерциялық және өзге де талаптарына баға бермейді, мәміле бағасының экономикалық негізділігін тексермейді, бұған мәміле бағасының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеру кірмейді.

      74. Қондырғы операторының иелігінде бірнеше квоталанатын қондырғы болған жағдайда, көміртегі бірліктерін есептен шығару (аудару) жүзеге асырылатын сатушының тиісті қондырғысы туралы, сондай-ақ көміртегі бірліктері есепке жатқызылатын сатып алушының тиісті қондырғысы туралы ақпарат көміртегі бірліктерін сатып алу-сату шартында міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

      75. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 70 және 71-тармақтарына сәйкес ұсынылған құжаттар мен мәліметтер негізінде тікелей мәмілелер бағаларының индикаторын ай сайын жариялайды.

5-тарау. Көміртегі бірліктері саудасының ашықтығын қамтамасыз ету және операцияларды жүзеге асыру кезінде заңнама талаптарын сақтау

      76. Көміртегі нарығының субъектілері көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болатын қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асыру кезінде осы Қағидалардың талаптарын, сондай-ақ жосықсыз бәсекелестік, нарықты манипуляциялау және ақпаратты ашу мәселелерін реттейтін, оның ішінде орталықтың актілерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға міндетті. Тауар биржасында операцияларды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасының талаптары, ал қор биржасында операцияларды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының талаптары да сақталуға тиіс.

      77. Көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болып табылатын қаржы құралдары қор биржасы арқылы айналымға түскен жағдайда ақпаратты, оның ішінде көміртегі бірліктерінің бағасына әсер етуі мүмкін ақпаратты ашу Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы заңнамасына, сондай-ақ Орталықтың актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      78. Қор және (немесе) тауар биржасы тиісті биржаның қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ орталықтың актілеріне сәйкес сауда белсенділігіне мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

      79. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі операциялардың дұрыстығын қамтамасыз етеді және Кодекстің 288-бабында белгіленген өз құзыреті шегінде уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

  Бұйрыққа 2-қосымша
  "Көміртегі бірліктерінің
  мемлекеттік тізілімін
  қалыптастыру және жүргізу
  қағидаларын бекіту туралы"
  Қазақстан Республикасы
  Экология, геология және
  табиғи ресурстар министрінің
  2021 жылғы 14 шiлдедегі
  № 251 бұйрығымен
  бекітілген

Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы қағидалар

      1. Осы Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 300-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік көміртегі бірліктерінің тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) айналымға енгізу – көміртегі бірліктерін көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі шоттардың біріне бастапқы шығару;

      2) аудару – көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерін бір тұлғаның шотынан басқа тұлғаның шотына аудару;

      3) жою – көміртегі бірліктерінің қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты, сондай-ақ олардың иесінің бастамасы бойынша ерікті негізде көміртегі бірліктерін айналымнан шығару;

      4) сатып алу – көміртегі бірліктерімен жасалған мәміле нәтижесінде көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі шотқа көміртегі бірліктерін алу;

      5) көміртегі квоталарын өтеу – көміртегі бірліктерін квоталау субъектісінің тиісті шотынан есептен шығару және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталарды өтеу шотына есепке жатқызу арқылы көміртегі бірліктерін айналымнан шығару;

      6) қондырғы операторының шотын бұғаттау – парниктік газдар шығарындыларының валидациялау және верификациялау органы растаған мониторинг жоспары ұсынылғанға дейін қондырғы операторының оның шотына есепке жатқызылған көміртегі бірліктерін пайдалануын уақытша тоқтата тұру;

      7) сауда шоты – Қазақстан Республикасының көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде ашылған клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотының көміртегі бірліктерін бөлек есепке алуға арналған жеке бөлігі.

      3. Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін (бұдан әрі – мемлекеттік тізілім) көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қалыптастырады және жүргізеді.

      4. Мемлекеттік тізілімнің негізгі функциялары айналымға енгізілген, сақтауда тұрған, аударылған, сатып алынған, резервтелген, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналымнан шығарылған көміртегі бірліктерін дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасуды қамтамасыз ету болып табылады.

2-тарау. Мемлекеттік тізілімді қалыптастыру тәртібі

      5. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруі саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру шеңберінде көміртегі бірліктерімен операцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік тізілімді қалыптастырады.

      6. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тізілім Кодекстің 286-бабында айқындалған көміртегі бюджетін қалыптастырудың әрбір кезеңі басталғанға дейін қалыптастырылады.

      7. Климаттың өзгеруі саласындағы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын іске асыру шеңберінде көміртегі бірліктерімен операцияларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тізілім осындай операцияларды жүргізу басталғанға дейін Қазақстан Республикасының "Париж келісімін ратификациялау туралы" Заңымен ратификацияланған Париж келісімінің 6-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес қалыптастырылады.

3-тарау. Мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібі

      8. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі бірліктерімен оның шоттарында операцияларды жүргізу және жүргізуді қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік тізілімді жүргізеді.

      9. Көміртегі бірліктерінің дәл есебін қамтамасыз ету мақсатында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы әрбір көміртегі бірлігіне оны шығару кезінде бірегей сәйкестендіру нөмірін береді.

      10. Көміртегі бірлігінің бірегей сәйкестендіру нөмірі мыналарды қамтиды:

      1) көміртегі бірлігінің түрін (квота бірлігі, офсеттік бірлік, халықаралық көміртегі бірліктері);

      2) көміртегі бірлігін айналымға енгізу жылын;

      3) көміртегі бірлігі шығарылған мерзімнің аяқталу жылын.

      11. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы мемлекеттік тізілімнің мынадай шоттары мен қосалқы шоттарын ашады:

      1) көміртегі квотасы бірліктерін айналымға енгізу шоты;

      2) көміртегі бірліктерін жою шоты;

      3) көміртегі квоталарын өтеу шоты;

      4) көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының шоты;

      5) қондырғы операторларының шоттары;

      6) жоба өтініш берушілерінің шоттары;

      7) Көміртегі квоталарының ұлттық жоспарының (бұдан әрі - Ұлттық жоспар) резервінің шоты, оған сондай-ақ мынадай қосалқы шоттар кіреді:

      Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде пайдалануға енгізілетін жаңа квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасы бірліктерін тегін бөлу қосалқы шоты;

      Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде анықталған, бұрын есепке алынбаған квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасы бірліктерін тегін бөлу қосалқы шоты;

      Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғылардың қуаты ұлғайған жағдайда көміртегі квотасының қосымша бірліктерін тегін бөлу қосалқы шоты;

      Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғылар санатына өтетін әкімшілендіру субъектілерінің қондырғылары үшін көміртегі квотасы бірліктерін тегін бөлу қосалқы шоты;

      8) клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шоты;

      9) көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шоты.

      12. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі бюджетін қалыптастыру кезеңіне арналған Ұлттық жоспар күшіне енген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      1) мемлекеттік тізілімде көміртегі квотасы бірліктерін айналымға енгізу шотын, Ұлттық жоспар резервінің шотын, көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шотын ашады;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік тізілім шотына Ұлттық жоспармен айқындалған көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы көлеміне тең мөлшерде көміртегі квотасы бірліктерін айналымға енгізеді;

      3) Ұлттық жоспар резервінің шотындағы көміртегі квотасы бірліктерін осы Қағидалардың 11-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қосалқы шоттар бойынша бөледі және аукцион шарттарында сатуға арналған көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының шотына аударады.

      13. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы Ұлттық жоспар күшіне енгеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде қондырғы операторына шот ашу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажеттілігі туралы еркін нысанда хабарлама жібереді:

      1) жеке тұлға үшін ЖСН немесе заңды тұлға үшін БСН көрсетілген еркін нысандағы өтініш;

      2) қондырғы операторының мемлекеттік тізілімдегі шотты жүргізуге уәкілетті өкілдеріне берілген, өкілдердің ЖСН-дері көрсетілген сенімхат.

      14. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген алынған құжаттар негізінде қондырғы операторына шот ашады және қондырғы операторы 13-тармақта көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көміртегі квотасы бірліктерін айналымға шығару шотынан қондырғы операторының шотына аударады.

      15. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі бірліктерімен немесе базалық активі көміртегі бірліктері болып табылатын қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырылған сауда алаңында көміртегі бірліктерінің саудасына немесе қаржы құралдарымен саудаға қызмет көрсететін клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотын көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімінде көміртегі бірліктерінің саудасы операторы, қор немесе тауар биржасы, клирингтік ұйым және (немесе) депозитарий арасында сауда-саттықты, клирингті және есеп айырысуды жүргізу мақсатында өзара іс-қимыл және ақпаратпен электрондық алмасуды жүзеге асыру туралы шарт жасалған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ашады.

      16. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукциондар өткізудің жылдық күнтізбесінде белгіленген аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күні бұрын көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының шотынан аукцион өткізілетін сауда алаңындағы қор биржасының клирингтік ұйымының және (немесе) депозитарийінің шотында ашылған сауда шотына аударады және клирингтік ұйымды және (немесе) депозитарийді жүзеге асырылған аудару туралы хабардар етеді.

      17. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукциондар өткізудің жылдық күнтізбесінде көзделмеген аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде 7 (жеті) жұмыс күні бұрын көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шотынан көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының сауда шотына аударады және клирингтік ұйымды және (немесе) депозитарийді жүзеге асырылған аудару туралы хабардар етеді.

      18. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы аукцион өткізілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде қор биржасынан алынған аукцион қорытындыларының хаттамасы мен сатып алушылар тізілімі, сондай-ақ клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің клирингтің және (немесе) есеп айырысудың аяқталғаны туралы растауы негізінде сатылған көміртегі квотасы бірліктерін көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының сауда шотынан сатып алушылардың шоттарына аударады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы сатылмаған көміртегі квотасы бірліктерін сауда шотынан көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының шотына осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген мерзімде аударады.

      19. Квоталау субъектілері мен жоба өтініш берушілері көміртегі бірліктерімен және (немесе) көміртегі бірліктерімен қамтамасыз етілген немесе базалық активі көміртегі бірліктері болып табылатын қаржы құралдарымен биржалық мәмілелер жасасу мақсатында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына көміртегі бірліктерін сауда шотына аудару туралы еркін нысандағы өтінішті жібереді.

      20. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында квоталау субъектісінің немесе жоба өтініш берушісінің сауда шотын ашады және квоталау субъектісінің немесе жоба өтініш берушісінің шотынан ашылған сауда шотына өтініште көрсетілген көлемде көміртегі бірліктерін аударады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы клирингтік ұйымды және (немесе) депозитарийді квоталау субъектілері мен жоба өтініш берушілерінің сауда шоттарының ашылғаны, сондай-ақ әрбір сауда шотына есепке жатқызылған көміртегі бірліктерінің саны туралы хабардар етеді.

      21. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қор және (немесе) тауар биржасынан жасалған мәмілелер тізілімін, сондай-ақ клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің клирингтің және (немесе) есеп айырысудың аяқталғаны туралы растауын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерін клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шотында ашылған сатушының сауда шотынан сатып алушының шотына аударады және клирингтік ұйымды және (немесе) депозитарийді жүзеге асырылған аударым туралы хабардар етеді.

      22. Квоталау субъектілері мен жоба өтініш берушілері көміртегі бірліктерін сауда шотынан мемлекеттік тізілімдегі өз шотына аудару мақсатында көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына еркін нысанда аудару туралы өтініш жібереді.

      23. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы клирингтік ұйыммен және (немесе) депозитариймен келісілгеннен кейін, 22-тармақта көрсетілген өтінішті алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерін сауда шотынан квоталау субъектісінің немесе жобаны іске асыруға өтініш берушінің шотына аударуды жүзеге асырады және клирингтік ұйымға және (немесе) депозитарийге жүргізілген аударым туралы хабарлайды.

      24. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы өзара іс-қимыл және клиринг пен есеп айырысу процесінде ақпаратпен электрондық алмасуды жүзеге асыру туралы шарт тоқтатылған немесе бұзылған не тиісті биржаға аталған клирингтік ұйым және (немесе) депозитарий қызмет көрсетуді тоқтатқан күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің мемлекеттік тізілімдегі шотын бұғаттайды.

      Клирингтік ұйымның және (немесе) депозитарийдің шоты бұғатталған кезде көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы тармақтың бірінші абзацында белгіленген мерзімде сауда шоттарында тұрған көміртегі бірліктерін олардың иелерінің мемлекеттік тізілімдегі тиісті шоттарына аударады және квоталау субъектілері мен жоба өтініш берушілерін аталған аударудың жүзеге асырылғаны туралы хабардар етеді.

      Биржаға өзге клирингтік ұйым және (немесе) депозитарий қызмет көрсете бастаған жағдайда тиісті шотты ашу осы Қағидалардың 15-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      25. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан (бұдан әрі – уәкілетті орган) квоталанатын қондырғының парниктік газдар шығарындыларының валидациядан өткен мониторинг жоспарын (бұдан әрі – мониторинг жоспары) Ұлттық жоспардың қолданылуының бірінші жылының 15 сәуіріне дейін уәкілетті органға ұсынбағаны немесе мониторинг жоспарының толық еместігі және (немесе) сәйкессіздігі туралы хабарлама алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде квоталау субъектісінің шотын бұғаттайды.

      26. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның квоталау субъектісінің валидациядан өткен мониторинг жоспарын немесе қажетті толықтырылған құжаттарды ұсынғаны туралы хабарламасын алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде квоталау субъектісінің шотына қойылған бұғаттауды алып тастайды.

      27. Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде анықталған, бұрын есепке алынбаған жаңа қондырғының, квоталанатын қондырғының операторлары, сондай-ақ Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғы санатына өтетін әкімшілендіру субъектілерінің қондырғы операторлары осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген шот ашуға арналған құжаттарды көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына ұсынады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қажетті құжаттарды алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы қондырғылардың операторларына шоттар ашады.

      28. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 27-тармағында көрсетілген қондырғы операторларының шоттарына квота бірліктерін Ұлттық жоспар резервінің тиісті қосалқы шоттарынан парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілімдері саласындағы мемлекеттік реттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен уәкілетті органның резервтен квота бірліктерін беру туралы оң шешімі жөніндегі хабарламасы негізінде есепке жатқызады, онда қондырғы операторы, қондырғы және бөлінген квота бірліктерінің көлемі көрсетіледі.

      29. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның қосымша квотаны беру туралы оң шешімі жөніндегі хабарламасын алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде квотаның тиісті көлемін квоталау субъектісінің шотына есепке жатқызады.

      30. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның қондырғы операторының шотынан квоталар көлемін Ұлттық жоспар резервінің шотына аудару қажеттілігі туралы хабарламасын алғаннан кейін хабарламада көрсетілген квотаның тиісті көлемін Ұлттық жоспар резервінің шотына есепке жатқызады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы тармақтың бірінші абзацында көзделген квота бірліктерін ауыстыру туралы уәкілетті органның хабарламасын алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті квота бірліктерін Ұлттық жоспар резервінің шотынан уәкілетті органның шешімінде көрсетілген қосалқы шотқа аударады.

      31. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы қондырғы операторы ауысқан, оның атауы немесе ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда қондырғы операторының мемлекеттік тізілімге тиісті өзгерістер енгізу туралы өтініші негізінде 5 (бес) жұмыс күні ішінде мемлекеттік тізілімге тиісті өзгерістер енгізеді.

      32. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның квоталанатын қондырғыны жою туралы хабарламасын алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті қондырғы операторының шотындағы пайдаланылмаған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемін Ұлттық жоспар резервінің шотына аударады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның қондырғы операторының шотынан Ұлттық жоспар резервінің шотына квота бірліктерін аудару туралы хабарламасын алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті квота бірліктерін Ұлттық жоспар резервінің шотынан уәкілетті органның шешімінде көрсетілген қосалқы шотқа аударады.

      33. Квоталау субъектісі жойылған немесе квоталау субъектілері санатынан шығарылған жағдайда, квоталау субъектісінің шотында және оның сауда шотында тұрған пайдаланылмаған көміртегі квотасы бірліктерінің көлемі Ұлттық жоспар резервінің шотына аударылуға жатады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органның квоталау субъектісін жою немесе оны квоталау субъектілері санатынан шығару туралы хабарламасын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде квоталау субъектісінің шотындағы және оның сауда шотындағы тиісті көміртегі квотасы бірліктерін Ұлттық жоспар резервінің шотына аударады.

      34. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы осы Қағидалардың 11-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген көміртегі бірліктерінің сауда жүйесі операторының шотынан және Ұлттық жоспар резервінің қосалқы шоттарынан көміртегі квотасы бірліктерін Кодекстің 291-бабының 8-тармағында белгіленген көміртегі квотасы бірліктерінің қолданылу мерзімі аяқталатын күннің алдындағы 1 (бір) жұмыс күні ішінде көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шотына аударады.

      35. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы көміртегі квотасының қосымша бірліктерін тегін бөлу қосалқы шотынан көміртегі нарығын тұрақтандыру резервінің шотына Кодекстің 295-бабының 10-тармағында белгіленген мерзім аяқталатын күннің алдындағы 1 (бір) жұмыс күні ішінде көміртегі квотасы бірліктерін аударады.

      36. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органнан тиісті хабарламаны алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің ең көп көлемі бар қосалқы шоттан толықтыруды қажет ететін қосалқы шотқа көміртегі бірліктерін аударады.

      37. Уәкілетті орган көміртегі офсеті жобасын мақұлдағаннан кейін жоба өтініш берушісі көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына мемлекеттік тізілімде шот ашу үшін осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ көміртегі офсетін мақұлдау туралы құжаттың көшірмесін ұсынады.

      38. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы жоба өтініш берушісі осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жоба өтініш берушісінің шотын ашады. Бір жоба бойынша оның өтініш берушілері ретінде бірнеше заңды тұлға әрекет еткен жағдайда, олардың әрқайсысына мемлекеттік тізілімде жеке шот ашылады.

      39. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы өтініш беруші көміртегі офсетін іске асыру туралы есепті бекіту туралы құжатты және өтініш берушілер арасында көміртегі бірліктерін бөлу туралы шартты ұсынғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде оларды жоба өтініш берушісінің шотына орналастыру арқылы офсеттік бірліктерді айналымға шығарады.

      40. Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы верификацияланған есеп тіркелгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде өтеуге жататын көміртегі квотасы бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.

      Көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторы уәкілетті органнан қосымша квота алу арқылы алынған бірліктерді өтеу туралы хабарламаны алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тиісті квота бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.

      41. Көміртегі бірліктерін көміртегі бірліктерін жою шотына ерікті түрде аудару олардың иесінің көміртегі бірліктерінің сауда жүйесінің операторына жіберген өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      42. Ұлттық жоспардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін көміртегі бірліктерімен сауда жүйесінің операторы келесі Ұлттық жоспарға енгізілмеген квоталау субъектілерінің шоттарында тұрған пайдаланылмаған көміртегі квотасының бірліктерін жоюды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады