2025 жылғы 3 тамызда Алматыда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісім ратификациялансын.
|
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы КЕЛІСІМ
Қазақстан Республикасының Үкіметі және Біріккен Ұлттар Ұйымы
Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаттарына қол жеткізу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының өңірлік ынтымақтастық шараларын көтермелейтін ережелерін басшылыққа ала отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 2015 жылғы 25 қыркүйектегі "Әлемді өзгерту: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі" 70/1 қарарын, онда орнықты даму саласындағы әмбебап және өзгертулерге бағытталған мақсаттар мен міндеттердің барлығын қамтитын, перспективаға есептелген және адамдардың мүдделерін ескеруді көздейтін жиынтығын, 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін толық жүзеге асыру үшін өзінің тынымсыз күш салу міндеттемесін, Бас Ассамблеяның шектен тыс кедейлікті қоса алғанда, кедейліктің барлық нысандары мен көріністерінде оны жою аса маңызды жаһандық міндет және орнықты дамудың қажетті шарттарының бірі болып табылатынын мойындайтыны бекітілгенін және орнықты дамудың барлық үш компонентінде - экономикалық, әлеуметтік және экологиялық компоненттерде оны теңгерімделген және кешенді түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ Мыңжылдық декларациясында тұжырымдалған даму саласындағы мақсаттарды іске асыруда қол жеткізілген нәтижелерді бекітуге және оларға қол жеткізу үшін бөлінген уақыт ішінде барлық қол жеткізілмеген мәселелерді аяқтауға деген бейілділігін бекітетінін растай отырып,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығын Қазақстан Республикасы, Алматыда ресми түрде құру бойынша қаулы қабылдаған 2025 жылғы 4 наурыздағы 79/268 қарарына сілтеме жасай отырып,
1992 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша өкілдігін құру туралы келісімнің қосымша келісім жасасу мүмкіндігін көздейтін XVIII бабын басшылыққа ала отырып,
жоғарыда баяндалғандарға байланысты бұдан әрі бірлесіп Тараптар және әрқайсысы жеке-жеке Тарап деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы достық ынтымақтастық рухында осы Келісімді жасасты және төмендегілер туралы уағдаласты:
I бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай анықтамалар қолданылады:
a) "Орталық" Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығын білдіреді;
b) "құзыретті органдар" Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған орталық, жергілікті және басқа да билік органдарын білдіреді;
c) "іссапарлардағы сарапшылар" Орталықтың сұрауы бойынша немесе оның атынан миссияларды орындайтын Орталықтың лауазымды адамдары болып табылмайтын адамдарды білдіреді;
d) "Жалпы конвенция" Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын 1946 жылғы 13 ақпанда Бас Ассамблея қабылдаған Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияны білдіреді;
e) "Үкімет" Қазақстан Республикасының Үкіметін білдіреді;
f) "Орталық басшысы" Орталықты басқаратын лауазымды адамды білдіреді;
g) "қабылдаушы ел" Қазақстан Республикасын білдіреді;
һ) "лауазымды адамдар" Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1946 жылғы 7 желтоқсандағы 76 (1) қарарында көзделгендей, жергілікті жерде жалданғандарды және сағатына байланысты ақы алатындарды қоспағанда, азаматтығына қарамастан, Орталық басшысын қоса алғанда, онда жұмыс істеу үшін тағайындалған Біріккен Ұлттар Ұйымының барлық қызметкерлерін білдіреді;
i) "қызмет көрсететін адамдар" Орталықтың тұрақты қызметшілерінен өзге, келісімшарт бойынша жалданып жұмыс істейтін және бағдарламаларды немесе басқа өндірістік қызметті жүзеге асыратын немесе оларды іске асыруға көмектесетін адамдарды білдіреді;
j) "Орталықтың үй-жайлары" уақытша немесе тұрақты түрде қосылуы мүмкін, оның ішінде осы Келісімде немесе Қазақстан Республикасымен жасалған кез келген қосымша келісімдерде айқындалғандай, кез келген басқа жерді немесе ғимараттарды қоса алғанда, Орталық немесе Қазақстан Республикасында Орталық шақыратын кеңестер тұрақты немесе уақытша алатын ғимаратты немесе ғимараттың бір бөлігін білдіреді;
k) "Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі туралы келісім" 1992 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымының уақытша өкілдігін құру туралы келісімді білдіреді.
II бап
Орталықтың құрылуы
Орталықтың болатын орны Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму саласындағы мақсаттар жөніндегі өңірлік орталығының функцияларын орындау үшін Қазақстан Республикасы, Алматы қаласында белгіленеді.
III бап
Қызметтің мақсаты және саласы
Орталықтың мақсаты - өңір елдеріне орнықты дамуда оның барлық үш: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық құрамдас бөлігінде қол жеткізуге жәрдемдесу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Орталық барлығын қамтитын іс-қимыл жоспарын әзірлейді, өңірлік жобалар мен бағдарламаларды Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті құрылымдарымен тығыз үйлесімде іске асыратын болады, өңірде жұмыс істейтін Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдары, өңірлік ұйымдар, халықаралық қаржы институттары, жеке сектор және азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимыл мен үйлестіруді нығайтуға ықпал етеді, сондай-ақ 2024 - 2034 жылдардағы онжылдыққа арналған Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер үшін жаңа іс-қимыл бағдарламасын үйлестірілген түрде жүзеге асыруға үлес қосады.
IV бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі туралы келісім
Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі туралы келісімнің ережелері Орталыққа mutatis mutandis қолданылады деп келіседі.
V бап
Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңестеріне қатысушылар
1. Орталық және басқа да тиісті ұйымдар ұйымдастыратын кеңестерге, семинарларға, оқу курстарына, симпозиумдарға, практикумдарға және осыған ұқсас іс-шараларға шақырылатын Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің өкілдері өз функцияларын орындау кезінде Жалпы конвенцияның IV бабында көрсетілген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қағидаттары мен практикасына және осы Келісімге сәйкес Үкімет Орталық және Жалпы конвенцияның ережелері қолданылатын басқа да тиісті ұйымдар ұйымдастыратын кеңестерге, семинарларға, оқу курстарына, симпозиумдарға, практикумдарға және осыған ұқсас іс-шараларға қатысушылардың барлығының пікір білдіруге толық еркіндігін құрметтейді. Орталық және басқа да тиісті ұйымдар ұйымдастыратын кеңестерге, семинарларға, оқу курстарына, симпозиумдарға, практикумдарға және осыған ұқсас іс-шараларға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы шақырған барлық катысушылар және қызмет көрсететін адамдар өздерінің тәуелсіз қатысуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай артықшылықтарды, иммунитеттерді және жеңілдіктерді пайдаланады. Атап айтқанда, Орталық және басқа да тиісті ұйымдар ұйымдастыратын кеңестерге, семинарларға, оқу курстарына, симпозиумдарға, практикумдарға және осыған ұқсас іс-шараларға байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы шақырған барлық қатысушылар және қызмет көрсететін адамдар өздерінің айтқандарына немесе жазғандарына қатысты, сондай-ақ осындай кеңестерге, семинарларға, оқу курстарына, симпозиумдарға, практикумдарға және осыған ұқсас іс-шараларға байланысты жасалған іс-әрекеттерге қатысты заңдық іс жүргізу иммунитетін пайдаланады.
VI бап
Отбасы мүшелері үшін еңбек нарығына қол жеткізу және үй жұмыскерлеріне визалар мен тұруға ықтиярхаттар беру
1. Құзыретті органдар қабылдаушы елдің ұлттық заңнамасына сәйкес қызмет орны қабылдаушы ел болып табылатын Орталықтың лауазымды адамдарының жұбайына (зайыбына) жүмыс істеуге рұқсат береді.
2. Құзыретті органдар Орталықтың лауазымды адамдарының үй жұмыскерлері үшін визаларды, тұруға ықтиярхаттарды және басқа да қажетті құжаттарды барынша жедел беруді қамтамасыз етеді.
VII бап
Қосымша келісімдер
1. Орталыққа қатысты әкімшілік және қаржылық сипаттағы уағдаластықтар қосымша келісімдермен ресімделуі мүмкін.
2. Тараптар, Тараптар орынды деп есептеуі мүмкін кез келген басқа да қосымша келісімдер жасаса алады.
VIII бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім Біріккен Ұлттар Ұйымы Үкіметтен күшіне енуі үшін қажетті ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
2. Келісім осы баптың 4-тармағына сәйкес тоқтатылғанға дейін күшінде қалады және оған Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі туралы келісімнің XXII бабында қамтылатын қолданысын тоқтату туралы ереже қолданылмайды.
3. Келісім Тараптардың өзара жазбаша келісуі бойынша өзгертілуі мүмкін. Мұндай өзгерістер Келісімнің ажырамас бөлігі болып есептеледі және осы баптың 1-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
4. Келісімді жазбаша хабарлама жіберу арқылы Тараптардың кез келгені тоқтата алады. Ол осындай хабарлама алынғаннан кейін алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады. Тоқтату туралы хабарламаға қарамастан, Келісім одан туындайтын барлық міндеттеме толық орындалғанға немесе тоқтатылғанға дейін күшінде қалады.
5. Үкімет қабылдаған міндеттемелер Келісімнің қолданысы тоқтатылғаннан кейін Орталықтың және оның лауазымды адамдарының мүлкін, қаражаты мен активтерін реттілікпен шығару үшін қажетті шамада күшінде қалады.
2025 жылғы " 3 " тамызда Алматы қ. әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды, барлық мәтін бірдей тең түпнұсқалы. Түсіндіруде алшақтықтар болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басым күшке ие болады.
| ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҮКІМЕТІ ҮШІН |
| БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ ҮШІН |