Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 14 қыркүйектегі № 503-3172 қаулысы

      "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 8-бабының 19) тармақшасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Астана қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 4 мамырдағы "Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін ендіру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" № 108-891 қаулысы. (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1029 болып тіркелді) күші жойылды деп танылсын.

      3. "Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

  Астана қаласы әкімдігінің
2026 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 503-3172 қаулысына
қосымша

Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Астана қаласының аумағындағы жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің және пайдаланудың негізгі қағидаттарын белгілейді.

      2. Қағидада келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) елорданың көлік органы – елорда аумағында көлік саласында реттеуді жүзеге асыруға уәкілетті атқарушы орган;

      2) басқарушы компания – жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және пайдалану функцияларын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның шешімімен айқындалған заңды тұлға.

2-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің мақсаты және міндеттері

      3. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізудің мақсаты Астана қаласының тұрғындары үшін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, оның ішінде көше-жол желісінің өткізу қабілеттілігін жоғарылату, апаттылықты азайту, қоғамдық көліктің жұмыс істеу тиімділігін арттыру болып табылады.

      4. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің міндеттері:

      1) көлік жүйесінің пайдалану тиімділігін арттыру:

      2) көлік ағындарының өткізу қабілеттілігін ұлғайту;

      3) көліктің әр түрлерін пайдаланумен байланысты жолдағы кідірістерді азайту;

      4) жолдағы ыңғайлық пен жайлылықты арттыру:

      5) қоғамдық көліктің көліктік қолжетімділігін ұлғайту;

      6) жолдың жоспарланған учаскесін өту уақытының сенімділігі;

      7) жол жүрісі учаскелерінің жалпы және жеке қауіпсіздігі;

      8) жол жүрісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету:

      9) жол жүрісі қатысушыларының қауіпсіздігін ұлғайту;

      10) жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту;

      5. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, пайдалану және басқару басқарушы компаниямен жүзеге асады.

3-тарау. Басқарушы компанияның функциясы

      6. Басқарушы компания:

      1) жол жүрісін ұйымдастыру және жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесі мәселелері бойынша жолдарды қайта құру және салу кезінде техникалық шарттарды әзірлеуді және келісуді;

      2) тұрғын үй объектілерін, коммерциялық жылжымайтын мүлікті, өндірістік кәсіпорындарды, өзге де инфрақұрлым объектілерін қайта құру мен салуды ескеріп, көше-жол желісіндегі жол жүрісін қолданыстағы және болжамды ұйымдастыруды көліктік талдауды;

      3) жаңадан әзірленетін және енгізілетін жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесінің техникалық ерекшеліктерін әзірлеуді және келісуді;

      4) жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін біріктіруді жүзеге асырады.

4-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге қойылатын талаптар

      7. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу тәртібі:

      1) техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу;

      2) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу;

      3) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу;

      4) тесттік сынаулар;

      5) жол жүрісін басқару жүйесін пайдалануға енгізу.

      8. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін басқарушы компания бастапқы деректерді жүйелі зерттеу жүргізуі тиіс:

      1) көше-жол желісінің паспортын;

      2) көше-жол желісін құру және қайта құру жоспарын;

      3) көлік түрлері мен көлік құралдарының типтері бойынша қозғалыс қарқындылығы мен жылдамдығы туралы алдын ала деректерді;

      4) жолаушыларды тасымалдаудың жоспарлы сызбанұсқасы мен жолаушылар ағынының санағын;

      5) жол қозғалысының қиындау және жол-көлік оқиғаларының ошақтары бойынша статистиканы;

      6) интелектуалды көлік жүйесін енгізу аймағының топологиялық картасын;

      7) көлік ағындарының қарқындылығы, жылдамдығы және оларды көше-жол желісінде көлік құралдарының типтері бойынша ажыратуды;

      8) таңғы, кешкі және маусымдық (саяжайлық) кезең бойынша қарбалас жүктемелерін;

      9) көше-жол желісі учаскелерінің өткізу қабілеттілігіне сұраныс сызбанұсқасын

5-тарау. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалануға қойылатын талаптар

      9. Интеллектуалды көлік жүйесінің орталық және перифериялық жабдығын күтіп-ұстау, пайдалану, ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстары өндіруші зауыт нұсқаулықтарына сәйкес қамтамасыз етілуі тиіс. Жол жүрісін басқарудың автоматтандырылған жүйесін объектілерін ұзақ мерзімді пайдалану мақсатында жабдықтың толығымен қолданыста болу кезеңіндегі олардың тұрақты функционалдық жарамдылығы қамтамасыз етілуі тиіс.

      10. Орталық және перифериялық жабдықты ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстарын басқарушы компания жүзеге асырады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      11. Қағиданың талаптарын бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      _____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады