Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 тамыздағы № 784 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумның жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақовқа Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің міндетін атқарушы
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
2026 жылғы 29 тамыздағы
№ 784 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері

      Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында бекітілген халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2002 жылғы 7 маусымдағы Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарын басшылыққа ала отырып,

      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 2025 жылғы 1 қыркүйекте Ұйымның Тяньцзиньдегі саммитінде қабылданған Жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету туралы мәлімдемесін басшылыққа ала отырып,

      жасанды интеллект технологияларының дамуы елдер экономикасы мен азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай әсер ететінін сезіне отырып,

      жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өзара тиімділікке қол жеткізу, сондай-ақ оны дамыту мен қолданумен байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту мақсатында нығайтудың маңыздылығын атап көрсете отырып,

      Тараптар мемлекеттерінің егемендігін, олардың ұлттық мүдделері мен заңнамасын құрметтеу негізінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамытуды ұстанатынын растай отырып,

      жасанды интеллект технологияларының қауіпсіз және адам игілігіне бағытталған дамуы мен қолданылу аясын кеңейтуге жәрдемдесу қажеттігін негізге ала отырып,

      осы Меморандум Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтерінің тек азаматтық саладағы өзара іс-қимылына қатысты болатынын және жасанды интеллектіні әскери мақсатта қолдану мәселелеріне қолданылмайтынын ескере отырып,

      төмендегілер туралы өзара түсіністікке қол жеткізді:

      1. Осы Меморандумның мақсаттары:

      Тараптар арасындағы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын және Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын іске асырудың жол картасын жүзеге асыру арқылы тереңдету;

      сенімге лайық жасанды интеллект технологияларын азаматтық мақсатта әзірлеу, енгізу және қолдану мәселелері бойынша Тараптардың диалогы мен тәсілдерін үйлестіруді жолға қою;

      жасанды интеллект саласында тәжірибе, білім және үздік практика алмасу үшін жағдайлар жасау;

      халықтың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өмір сүру сапасын арттыру мүддесінде жасанды интеллект әлеуетін пайдалануды көтермелеу.

      2. Осы Меморандум шеңберіндегі ынтымақтастық мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

      мемлекеттердің егемендігін, сондай-ақ олардың тәуелсіздігін, тең құқықтылығы мен өзара тиімділігін құрметтеу;

      Тараптар мемлекеттерінің экономикалық, технологиялық және институционалдық даму деңгейінің әртүрлілігін ескеру;

      жасанды интеллект технологияларын дамыту мен оларды қауіпсіз қолдану қажеттігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету;

      ынтымақтастықтың адамзат пен қоғам игілігіне бағдарлануы, жасанды интеллектіні неғұрлым ашықтыққа, жалпыға қолжетімділікке, инклюзивтілік пен әділдікке қарай дамытуға жәрдемдесуге ұмтылу.

      3. Тараптар өз ұлттық басымдықтары мен мүмкіндіктеріне сәйкес және ерікті негізде мынадай негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастыққа жәрдемдеседі:

      сенімге лайық жасанды интеллект технологияларын әзірлеу, енгізу және қолдану саласында, оның ішінде жасанды интеллект ғылымы саласында тәжірибе, білім және үздік практика алмасу;

      жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы үздік практикалармен және әдістемелік материалдармен ерікті түрде алмасу;

      жасанды интеллект бойынша жоғары деңгейдегі ғылыми конференциялар өткізу;

      жасанды интеллект инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде іске асырылып жатқан бастамалар мен жобалар туралы ақпарат алмасу;

      жасанды интеллект технологияларын дамыту мен қолдануға, оның ішінде жасанды интеллект ғылымы саласына бағытталған бірлескен бастамаларға қатысуды көтермелеу;

      жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа қатысты тәсілдер жөніндегі пікірталастарды және ұлттық басымдықтар мен қажеттіліктерді ескеретін нұсқаулықтарды әзірлеуді қолдау;

      жасанды интеллект саласында кадрлар даярлауға, оның ішінде жоғары оқу орындары арасындағы байланыстар мен академиялық алмасуларды дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын құру, бірлескен білім беру және ғылыми іс-шараларды өткізу, сондай-ақ Тараптардың ұлттық басымдықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып мамандар даярлауды көтермелеу арқылы жәрдемдесу.

      4. Жасанды интеллект технологияларын дамыту мен олардың қауіпсіз қолданылуын қамтамасыз ету арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін мойындай отырып, Тараптар:

      жасанды интеллект технологияларының қауіпсіз дамуы мен қолданылуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша, оның ішінде жасанды интеллект ғылымы саласында тәжірибе мен тәсілдермен алмасатын болады;

      ұлттық заңнамаға сәйкес жасанды интеллектіні дамыту мен пайдаланумен байланысты ықтимал тәуекелдер мен сын-қатерлерді ескеруге жәрдемдесетін болады;

      жасанды интеллект жүйелерінің жұмысы нәтижесінде туындайтын қатерлерге бірлесіп қарсы тұру мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасына сәйкес келетін жасанды интеллект қауіпсіздігінің ғылыми негізделген сенімді басшылық қағидаттарын әзірлеуге жәрдемдесетін болады;

      осы салада міндетті бірыңғай реттеу нормаларын белгілемей ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.

      5. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымын қоса алғанда, халықаралық ұйымдар мен көпжақты бастамалар шеңберінде, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің алдын ала келісілген позициялары негізінде жасанды интеллект мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мен пікір алмасуды дамытуға жәрдемдесетін болады.

      6. Тараптардың осы Меморандум шеңберіндегі өзара іс-қимылы мынадай нысандарда жүзеге асырылатын болады:

      консультациялар, жұмыс кездесулері мен кеңестер өткізу;

      конференциялар, форумдар, семинарлар және өзге де бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру;

      сарапшылар және жұмыс топтарын құру;

      ақпаратпен және талдамалық материалдармен алмасу;

      Тараптар келіскен өзге де ынтымақтастық нысандары.

      7. Осы Меморандум халықаралық шарт болып табылмайды, халықаралық құқықпен реттелетін құқықтар мен міндеттемелер туғызбайды және Тараптарға қаржылық міндеттемелер жүктемейді.

      8. Тараптардың әрқайсысы осы Меморандумды орындауға байланысты шығыстарды дербес көтереді, бұл ретте нақты жағдайларда Тараптар өзге талаптар туралы уағдаласқан жағдайлар бұған кірмейді, мұндай талаптар Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының ішкі заңнамасына сәйкес келуге тиіс.

      9. Осы Меморандумның ережелерін түсіндіруге және қолдануға байланысты барлық келіспеушіліктер Тараптардың арасында келіссөздер мен консультациялар жүргізу арқылы шешіледі.

      Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы осы Меморандумның депозитарийі болып табылады, ол Тараптарға оның куәландырылған көшірмелерін жібереді.

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Меморандумға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Меморандумның ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделеді.

      Осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап қолданылады.

      2026 жылғы "___" _______________ Бішкек қаласында орыс және қытай тілдерінде бір төлнұсқа данада қол қойылды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

Беларусь Республикасының
Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының
Министрлер Кабинеті үшін

Үндістан Республикасының
Үкіметі үшін
 

Пәкістан Ислам Республикасының
Үкіметі үшін

Иран Ислам Республикасының
Үкіметі үшін

Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін

Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
 

Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін

Қытай Халық Республикасының
Үкіметі үшін

Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады