Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 815 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 815 қаулысымен
мақұлданған
Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісім

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының Үкіметі (бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталады)

      1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға қатысушылар бола отырып,

      өздерінің тиісті аумақтары арасында және олардан тыс әуе қатынастарын белгілеу және пайдалану мақсатында Келісім жасасуға ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы келісті:

1-бап. Анықтамалар

      Егер мәнмәтінде өзгеше талап етілмесе, осы Келісімнің мақсаттары үшін:

      a) "Конвенция" термині 1944 жылғы 7 желтоқсанда Чикагода қол қою үшін ашылған Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны білдіреді және осы Конвенцияның 90-бабына сәйкес қабылданған кез келген қосымшаны, сондай-ақ 90 және 94-баптарға сәйкес қосымшаларға және Конвенцияға кез келген түзетулерді осындай қосымшалар мен түзетулер екі Уағдаласушы Тарап үшін күшіне енген шамада қамтиды;

      b) "авиациялық биліктер" термині Қазақстан Республикасы жағдайында Көлік министрлігін, ал Корея Республикасы жағдайында Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігін не екі жағдайда да қазіргі уақытта көрсетілген органдар жүзеге асырып отырған функцияларды орындауға уәкілетті кез келген басқа да тұлғаны немесе органды білдіреді;

      c) "тағайындалған авиакәсіпорын" термині осы Келісімнің 3-бабына сәйкес тағайындалған және уәкілеттік берілген кез келген авиакәсіпорынды білдіреді;

      d) мемлекетке қатысты "аумақ" термині Конвенцияның 2-бабында айқындалған мағынаға ие болады;

      e) "әуе қатынасы", "халықаралық әуе қатынасы", "авиакәсіпорын" және "коммерциялық емес мақсаттарда аялдау" терминдері тиісінше Конвенцияның 96-бабында айқындалған мағыналарға ие болады;

      f) әуе кемесіне қатысты "сыйымдылық" термині осындай әуе кемесінің маршрутта немесе маршруттың учаскесінде қолжетімді коммерциялық жүктемесін білдіреді;

      g) келісілген әуе қатынасына қатысты "тасымалдау қабілеті" термині осы қатынаста пайдаланылатын әуе кемесінің белгілі бір кезең ішінде маршрут не оның учаскесі бойынша осы әуе кемесінің рейстерді орындау жиілігіне көбейтілген тасымалдау қабілетін білдіреді;

      h) "тасымал" термині жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны тасымалдауды білдіреді;

      i) "тариф" термині әуе тасымалымен байланысты авиакәсіпорын көрсететін өзге де қызметтер үшін бағалар мен шарттарды қоса алғанда, агенттіктерге комиссиялық сыйақыларды қоса алғанда, бірақ поштаны тасымалдау үшін сыйақылар мен шарттарды қоспағанда, жолаушыларды, багажды және/немесе жүкті тасымалдау үшін төленуге тиіс бағаларды және осы бағалар қолданылатын шарттарды білдіреді;

      j) "пайдаланушылардан алынатын алым" термині әуежай объектілерін немесе құралдарын, аэронавигация құралдарын, авиациялық қауіпсіздік құралдарын немесе әуе кемелеріне, олардың экипаждарына, жолаушылары мен жүктеріне арналған байланысты қызметтер мен объектілерді қоса алғанда, көрсетілетін қызметтерді ұсынғаны үшін құзыретті органдар авиакәсіпорындардан алатын немесе олар алуға рұқсат берілген алымды білдіреді;

      k) "Келісім" термині осы Келісімді, оған қосымшаны және Келісімге кез келген түзетулерді білдіреді;

      l) "Қосымша" термині осы Келісімнің 20-бабының ережелеріне сәйкес енгізілген өзгерістерді ескере отырып немесе осы Келісімге қосымшаны білдіреді. Қосымша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болады және егер өзгеше тікелей көзделмесе, Келісімге барлық сілтеме Қосымшаға сілтемелерді қамтиды деп есептеледі.

2-бап. Құқық беру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің тағайындалған авиакәсіпорындарына осы Келісімге қосымшада көрсетілген маршруттар бойынша халықаралық әуе желілерін (бұдан әрі "келісілген желілер" және "белгіленген маршруттар" деп аталады) белгілеу және пайдалану мүмкіндігін беру мақсатында осы Келісімде көзделген құқықтарды екінші Уағдаласушы Тарапқа береді.

      2. Осы Келісімнің ережелері сақталған жағдайда, әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары келісілген желілерді белгіленген маршруттар бойынша пайдалану кезінде мынадай:

      a) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағы арқылы қонбай ұшып өтуді жүзеге асыру;

      b) екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында коммерциялық емес мақсаттарда қону;

      c) осы Келісімге қоса берілген графикке сәйкес, онда қамтылған ережелерді сақтай отырып, белгіленген маршруттардағы кез келген пункттерде жолаушыларды, жүкті және поштаны бортқа қабылдау және түсіру құқықтарын пайдаланады.

      3. Осы баптың 2-тармағындағы ештеңе бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарына екінші Уағдаласушы сыйақыға немесе жалдау бойынша тасымалданатын және осы мемлекеттің аумағындағы басқа пунктке бағытталған жолаушыларды, жүкті немесе поштаны Тарап мемлекетінің аумағында бортқа қабылдау құқығын беру ретінде қарастырылмайды.

      4. Егер қарулы қақтығыс, саяси толқулар, оқиғалар немесе ерекше және әдеттен тыс мән-жайлар салдарынан Уағдаласушы Тараптардың бірінің тағайындалған авиакәсіпорны келісілген желілерді әдеттегі маршрут бойынша пайдалана алмайтын жағдайда болса, екінші Уағдаласушы Тарап Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша маршруттарды уақытша өзгерту арқылы осындай желілерді пайдалануды жалғастыруға жәрдемдесу үшін бар күш-жігерін салады.

3-бап. Авиакәсіпорындарды тағайындау және рұқсаттар беру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың белгіленген маршруттар бойынша келісілген желілерді пайдалану үшін бір немесе бірнеше (бірнеше рет тағайындау) авиакәсіпорынды екінші Уағдаласушы Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда тағайындауға құқығы бар.

      2. Осындай тағайындау туралы хабарламаны және тағайындалған авиакәсіпорыннан пайдалану рұқсаттарын алу үшін көзделген нысанда және тәртіппен өтінішті алған соң екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық биліктері тағайындалған авиакәсіпорындарға тиісті пайдалану рұқсаттарын:

      a) авиакәсіпорынға басымдықпен иелік ету және оны тиімді бақылау авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тарапқа, оның азаматтарына немесе бір мезгілде екеуіне де тиесілі болған;

      b) авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің 9 және 10-баптарының ережелерін сақтаған; және

      c) тағайындалған авиакәсіпорын рұқсат берген Уағдаласушы Тарап халықаралық әуе қатынастарын орындауы кезінде қолданылатын заңдар мен қағидаларда белгіленген шарттарды сақтау үшін біліктілікке ие болған жағдайда кідіртпей береді.

      3. Осындай тағайындаудан және рұқсат берілгеннен кейін авиакәсіпорын осы Келісімнің ережелері сақталған жағдайда, келісілген желілерді пайдалануға кірісе алады.

4-бап. Рұқсаттың күшін жою және қолданысын тоқтата тұру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың мынадай:

      a) авиакәсіпорынға басымдықпен иелік ету және оны тиімді бақылау авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тарапқа не оның азаматтарына тиесілі екендігіне сенімді болмаған кез келген жағдайда;

      b) авиакәсіпорын құқықтарды берген Уағдаласушы Тараптың заңдары мен қағидаларын сақтамаған жағдайда немесе

      c) авиакәсіпорын осы Келісімнің ережелерін өзге де түрде сақтамаған жағдайда екінші Уағдаласушы Тараптың кез келген тағайындалған авиакәсіпорнына қатысты пайдалану рұқсатының күшін жоюға не осы Келісімнің 2-бабында көзделген құқықтарды жүзеге асыруды тоқтата тұруға не осы құқықтарды жүзеге асыруға өзі қажет деп санайтын шарттарды белгілеуге құқығы бар.

      2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың дереу күшін жою, тоқтата тұру немесе белгілеу Уағдаласушы Тараптың заңдары мен қағидаларын одан әрі бұзушылықтардың алдын алу үшін қажет болмаса, мұндай шараларды әрбір Уағдаласушы Тарап бұл құқықтарды екінші Уағдаласушы Тараппен консультациялар өткізілгеннен кейін ғана қолданады.

5-бап. Заңдар мен қағидалардың қолданылуы

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың халықаралық әуе тасымалдарын орындайтын әуе кемелерінің өз аумағына кіруін және одан шығуын және болуын, сондай-ақ осындай әуе кемелерінің оның аумағынан ұшып өтуін реттейтін заңдары мен қағидалары екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарының әуе кемелеріне қолданылады және олар бірінші Уағдаласушы Тараптың аумағына кірген, одан шыққан және сол аумақта болған кезінде сақталуға тиіс.

      2. Бір Уағдаласушы Тарап мемлекетінің оның аумағына жолаушылардың, экипаждың, жүктің және поштаның кіруіне, онда болуына, транзитпен өтуіне немесе одан шығуын реттейтін заңдары мен қағидалары, кіру мен шығу рәсімдері, эмиграция және иммиграция, кедендік, валюталық, медициналық және санитариялық шараларға байланысты формальдылықтарды қоса алғанда, бірінші Уағдаласушы Тараптың аумағында екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарының әуе кемелерімен тасымалданатын жолаушыларға, экипажға, жүкке және поштаға қолданылады.

      3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы өздерінің иммиграциялық, кедендік, санитариялық және ұқсас заңдары мен қағидаларын қолдану кезінде осындай халықаралық авиатасымалдарды жүзеге асыратын екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорнымен салыстырғанда өз авиакәсіпорындарына немесе үшінші мемлекеттердің авиакәсіпорындарына артықшылық бермеуге тиіс.

6-бап. Кедендік баждар және өзге де ұқсас алымдар

      1. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындары халықаралық әуе желілерінде пайдаланылатын әуе кемелері, сондай-ақ стандартты борттық жабдығы, қосалқы бөлшектері, отын, осындай әуе кемелерінің бортындағы майлау материалдарының қоры және әуе кемесінің борттық қорлары (тамақ өнімдерін, сусындарды және темекі бұйымдарын) қоса алғанда, әрбір Уағдаласушы Тараптың қолданыстағы заңдары мен қағидаларының ережелеріне сәйкес олар кері әкетілгенге дейін әуе кемесінің бортында сақталатын жағдайда, екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына келген кезде барлық кедендік баждардан, тексеру алымдарынан және өзге де ұқсас төлемдерден өзара негізде босатылады.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тараптың қолданыстағы заңдары мен қағидаларының ережелеріне сәйкес мынадай көрсетілген қызметтерге:

      a) екінші Уағдаласушы Тараптың келісілген желілерін орындайтын тағайындалған авиакәсіпорындардың әуе кемелерінде пайдалану үшін аталған Уағдаласушы Тараптың билігі белгілеген шеңберде кез келген Уағдаласушы Тараптар мемлекетінің аумағында бортқа қабылданатын борттық қорларға;

      b) екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары келісілген желілерде пайдаланатын әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету немесе оны жөндеу үшін Уағдаласушы Тараптар мемлекетінің бірінің аумағына әкелінген қозғалтқыштарды қоса алғанда, қосалқы бөлшектер;

      c) екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары келісілген желілерде пайдаланатын әуе кемелерін жабдықтауға арналған отын, жағармай материалдары мен шығыс техникалық материалдарға, тіпті материалдар бортқа алынған Уағдаласушы Тараптың аумағынан өтетін маршрут учаскесінде пайдаланылатын болса да; және

      d) тағайындалған авиакәсіпорындар тегін тарататын баспа билеттеріне, авиажүкқұжаттарға (air waybills), компания логотипі бар кез келген баспа материалдары мен қарапайым жарнамалық жарнамалық материалдарға сәйкес келетін төлемдерді қоспағанда, сол баждардан, алымдардан және төлемдерден өзаралық қағидат негізінде босатылады.

      Осы тармақтың a), b), c) және d) тармақшаларында көрсетілген материалдар кедендік қадағалауда немесе бақылауда сақталуы мүмкін.

      3. Кез келген Уағдаласушы Тараптың әуе кемесінің бортындағы стандартты борт жабдығы, сондай-ақ материалдар мен қорлар екінші Уағдаласушы Тараптың мемлекетінің аумағында тек осы мемлекеттің кеден биліктерінің рұқсатымен ғана түсірілуі мүмкін. Мұндай жағдайда олар кері әкетілгенге дейін немесе кеден заңнамасына сәйкес өзге түрде пайдаланылғанға дейін аталған биліктердің бақылауына алынуы мүмкін.

7-бап. Тікелей транзит

      Авиациялық қауіпсіздікке, есірткі заттарын бақылауға, заңсыз кірудің алдын алуға немесе ерекше мән-жайлардан басқа жағдайларды қоспағанда, кез келген Уағдаласушы Тарап аумағы арқылы тікелей транзитпен өтетін және осы мақсаттар үшін бөлінген әуежай аймағынан шықпайтын жолаушылар, багаж бен жүктер неғұрлым жеңілдетілген бақылауға жатады. Мұндай багаж бен жүк кедендік баждардан және өзге де ұқсас салықтардан босатылады.

8-бап. Куәліктер мен куәландыру құжаттарын тану

      1. Қолданылу мерзімі өтпеген әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы туралы куәліктерді, біліктілік куәліктерін және Уағдаласушы Тараптардың бірі берген немесе жарамды деп таныған куәліктерді екінші Уағдаласушы Тарап жарамды деп таниды.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағы үстіндегі ұшулар мақсатында өз азаматтарына екінші Уағдаласушы Тарап немесе кез келген өзге мемлекет берген немесе жарамды деп таныған куәліктері мен біліктілік куәліктерін жарамды деп танудан бас тарту құқығын өзінде қалдырады.

9-бап. Ұшу қауіпсіздігі

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап аэронавигация құралдарына, экипажға, әуе кемелеріне және әуе кемелерін пайдалануға қатысты салаларда екінші Уағдаласушы Тарап қолданатын қауіпсіздік стандарттары бойынша кез келген уақытта консультация жүргізуді талап етуге құқылы. Мұндай консультация сұрау салынған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде өткізіледі.

      2. Осындай консультация нәтижесінде бір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың осы баптың 1-тармағында көрсетілген салаларда Конвенцияға сәйкес сол уақытта белгіленген стандарттарға (бұдан әрі – "ИКАО стандарттары") тиімді сәйкесетін қауіпсіздік стандарттарын қамтамасыз етпейтінін және қолданбайтынын анықтаса, ол бұл туралы екінші Уағдаласушы Тарапқа хабарлайды және ИКАО стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз ету үшін қажетті деп саналатын шараларды көрсетеді. Екінші Уағдаласушы Тарап келісілген мерзім ішінде тиісті түзету шараларын қабылдайды. Осындай шаралар келісілген мерзімде қабылданбаған жағдайда, бұл осы Келісімнің 4-бабын қолдануға негіз болады.

      3. Конвенцияның 16-бабына сәйкес, сондай-ақ бір Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорны немесе оның атынан пайдаланылатын кез келген әуе кемесі екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына ұшып келген немесе одан ұшып шыққан кезде, әуе кемесінің пайдаланылуын негізсіз кідіртпеген жағдайда, екінші Уағдаласушы Тараптың уәкілетті өкілдері сол әуе кемесіне тексеру жүргізе алатыны келісілді. Конвенцияның 33-бабында көзделген міндеттемелерге қарамастан, мұндай тексерудің мақсаты әуе кемесіне қатысты тиісті құжаттардың, экипаж куәліктерінің жарамдылығын, сондай-ақ әуе кемесінің жабдығы мен жай-күйінің ИКАО стандарттарына сәйкестігін тексеру болып табылады.

      4. Әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау аса қажет болған кезде, әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорынның немесе авиакәсіпорындардың берілген пайдалану рұқсатын дереу тоқтата тұруға немесе өзгертуге құқылы.

      5. Егер қандай да бір перрондық тексеру немесе перрондық тексерулер сериясы нәтижесінде:

      a) әуе кемесінің немесе әуе кемесін пайдаланудың сол уақытта Конвенцияға сәйкес белгіленген ең төменгі стандарттарға сәйкес келмейтіні туралы елеулі алаңдаушылықтар туындаса; немесе

      b) сол уақытта Конвенцияға сәйкес белгіленген қауіпсіздік стандарттарын тиімді түрде қолдау мен қолданудың жеткіліксіздігі туралы елеулі алаңдаушылықтар туындаса,

      онда перрондық тексеруді жүргізген Уағдаласушы Тарап Конвенцияның 33-бабының мақсаттары үшін осы әуе кемесіне немесе оның экипажына қатысты куәліктер мен куәландыру құжаттарын беруге немесе жарамды деп тануға негіз болған талаптар, не осы әуе кемесін пайдалануды жүзеге асыруға негіз болған талаптар Конвенцияға сәйкес белгіленген ең төменгі стандарттарға сәйкес емес немесе олардан төмен деген қорытынды жасауға құқылы.

      6. Егер осы баптың 3-тармағына сәйкес перрондық тексеру жүргізу үшін бір Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорны пайдаланатын әуе кемесіне қол жеткізуге сол авиакәсіпорын өкілі тарапынан бас тартылса, екінші Уағдаласушы Тарап осы баптың 5-тармағында көрсетілген сипаттағы елеулі алаңдаушылық бар деп тұжырым жасауға және сол тармақта көзделген қорытындыларды шығаруға құқылы.

      7. Егер бір Уағдаласушы Тарап перрондық тексерудің, перрондық тексерулер сериясының, перрондық тексеруге қол жеткізуден бас тартудың, консультациялардың немесе өзге де негіздердің нәтижесінде әуе тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет деген қорытындыға келсе, ол екінші Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорнына берілген пайдалану рұқсатын дереу тоқтата тұру немесе өзгерту құқығын сақтайды. Мұндай құқықты жүзеге асырған кезде бірінші Уағдаласушы Тарап қабылданған шаралар туралы және оларға негіз болған алаңдаушылық саласын көрсете отырып, екінші Уағдаласушы Тарапты дереу хабардар етеді.

      8. Осы баптың 4-тармағына сәйкес бір Уағдаласушы Тарап қабылдаған кез келген шара оны қолданудың негіздері жойылған кезде тоқтатылады.

10-бап. Авиациялық қауіпсіздік

      1. Халықаралық құқық бойынша өз құқықтары мен міндеттемелеріне сәйкес Уағдаласушы Тараптар азаматтық авиацияның қауіпсіздігін заңсыз араласу актілерінен қорғау жөніндегі олардың өзара міндеттемесі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болатынын растайды. Халықаралық құқық бойынша өз құқықтары мен міндеттемелерінің жалпы сипатын шектемей, Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда, 1963 жылғы 14 қыркүйекте Токиода қол қойылған Әуе кемелерінің бортында жасалатын қылмыстар және кейбір өзге де әрекеттер туралы конвенцияның, 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада қол қойылған Әуе кемелерін заңсыз басып алуды болғызбау туралы конвенцияның, 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреальда жасалған Азаматтық авиация қауіпсіздігіне қарсы заңсыз актілерді болғызбау туралы конвенцияның, оған 1988 жылғы 24 ақпанда Монреальда қол қойылған Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда жасалатын заңсыз күш көрсету актілерін болғызбау туралы хаттаманың, 1991 жылғы 1 наурызда Монреальда қол қойылған Анықтау мақсатында пластикалық жарылғыш заттарды таңбалау туралы конвенцияның, сондай-ақ екі Уағдаласушы Тарап үшін міндетті болып табылатын авиациялық қауіпсіздікке қатысты кез келген өзге де конвенциялардың ережелеріне сәйкес әрекет етеді.

      2. Уағдаласушы Тараптар азаматтық әуе кемелерін заңсыз басып алу актілерінің және осындай әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлардың және аэронавигация құралдарының қауіпсіздігіне қарсы бағытталған өзге де заңсыз әрекеттердің, сондай-ақ азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнетін кез келген өзге қатерлердің алдын алу үшін өзара сұрау салу бойынша бір-біріне барлық қажетті көмекті көрсетеді, жәрдемдеседі.

      3. Уағдаласушы Тараптар өзара қатынастарында Халықаралық азаматтық авиация ұйымы белгілеген және Конвенцияның қосымшаларына енгізілген авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес олар Уағдаласушы Тараптарға қолданылатын шамада әрекет етеді; олар өз аумақтарында тіркелген әуе кемелерінің пайдаланушыларынан немесе негізгі қызмет орны не тұрақты тұратын жері өз аумақтарында орналасқан әуе кемелері пайдаланушыларынан, сондай-ақ өз аумақтарындағы әуежай пайдаланушыларынан аталған авиациялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды талап етеді. Әрбір Уағдаласушы Тарап сұрау салу бойынша екінші Уағдаласушы Тарапқа өзінің ұлттық заңдары, қағидалары мен практикасы және Конвенцияның қосымшаларында белгіленген авиациялық қауіпсіздік стандарттары арасындағы кез келген айырмашылық туралы хабарлайды. Кез келген Уағдаласушы Тарап мұндай айырмашылықты талқылау үшін кез келген уақытта консультация өткізуді талап етуге құқылы.

      4. Әрбір Уағдаласушы Тарап әуе кемелерінің осындай пайдаланушыларын екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына кіру, одан шығу немесе сол аумақта болу үшін сол Тарап талап ететін осы баптың 3-тармағында көрсетілген авиациялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға міндеттелуі мүмкін екендігімен келіседі. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз аумағында отырғызу немесе тиеу алдында және олардың барысында әуе кемелерін қорғау және жолаушыларды, экипаж мүшелерін, қол жүгін, багажды, жүкті, борттық тамақтандыруды және әуе кемесінің қорларын тексеру бойынша тиісті шаралардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әрбір Уағдаласушы Тарап нақты бір қатерге қарсы ақылға қонымды арнайы қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы екінші Уағдаласушы Тараптың кез келген сұрау салуын тиісті түрде қарастырады.

      5. Азаматтық әуе кемесін заңсыз басып алумен не азаматтық әуе кемелерінің, олардың жолаушылары мен экипаждарының, әуежайлардың немесе аэронавигация құралдарының қауіпсіздігіне қарсы бағытталған өзге де заңсыз әрекеттермен байланысты оқыс оқиға немесе осындай оқыс оқиға қатері орын алған жағдайда, Уағдаласушы Тараптар адам өміріне төнетін қатер немесе оның қатерін жою ең аз болған кезде осындай оқыс оқиғаны мүмкіндігінше жедел тоқтату мақсатында байланыс орнатуды және өзге де тиісті шараларды қабылдауды жеңілдету арқылы бір-біріне көмек көрсетеді.

      6. Әрбір Уағдаласушы Тарап заңсыз басып алу актісіне немесе өзге де заңсыз араласу әрекеттеріне ұшыраған және оның мемлекетінің аумағына қонған әуе кемесінің ұшып кетуі адам өмірін қорғау жөніндегі бірінші кезектегі міндетпен негізделген жағдайларды қоспағанда, оның жер үстінде ұсталып тұруын қамтамасыз ету үшін өзі жүзеге асуы мүмкін деп санайтын шараларды қабылдайды. Мүмкіндігінше, мұндай шаралар өзара консультациялар негізінде қабылданады.

      7. Егер бір Уағдаласушы Тарапта екінші Уағдаласушы Тарап осы бапта көзделген авиациялық қауіпсіздік талаптарынан ауытқыды деп санауға негіздер бар болса, ол екінші Уағдаласушы Тараптан дереу консультация өткізуді талап етуге құқылы. Мұндай консультация Уағдаласушы Тараптың кез келгенінен тиісті сұрау салу алынған күннен бастап 15 (он бес) күн ішінде басталады. Консультация басталған күннен бастап 15 (он бес) күн ішінде немесе тараптар келіскен өзге мерзімде қанағаттанарлық шешімге қол жеткізілмеген жағдайда, бұл екінші Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорынды немесе авиакәсіпорындарды пайдалану рұқсатын беруден бас тартуға, олардың күшін жоюға, тоқтата тұруға, шектеуге немесе оларды пайдалануға шарттар қоюға негіз болады. Төтенше жағдаятпен негізделген жағдайларда немесе осы баптың ережелерін одан әрі сақтамаудың алдын алу үшін бірінші Уағдаласушы Тарап кез келген уақытта уақытша шаралар қабылдауға құқылы. Осы тармаққа сәйкес қабылданған кез келген шара екінші Уағдаласушы Тарап осы бапта көзделген қауіпсіздік талаптарын орындағаннан кейін тоқтатылуға тиіс.

11-бап. Сыйымдылықты реттеу

      1. Келісілген желілерді белгіленген маршруттар бойынша пайдалану үшін Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындарына әділ әрі тең мүмкіндіктер ұсынылады.

      2. Уағдаласушы Тараптардың тағайындалған авиакәсіпорындары келісілген желілер бойынша ұсынатын жалпы сыйымдылықты Уағдаласушы Тараптардың авиациялық биліктері бірлесіп айқындайды.

      3. Келісілген желілерін пайдалану кезінде әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарының мүдделерін соңғылары сол маршруттардың тұтас бойында немесе бір бөлігінде көрсетілетін қызметтерге жағымсыз әсер етпейтіндей түрде ескереді.

      4. Белгіленген маршруттардың кез келгені бойынша бір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары ұсынатын сыйымдылық пен екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары бірлесіп ұсынатын сыйымдылық сол маршруттар бойынша әуе тасымалына халықтың қажеттіліктеріне сай келетін ақылға қонымды арақатынаста ұсталып тұрады.

      5. Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары пайдаланатын келісілген желілерінің негізгі мақсаты – қолайлы жүктеме коэффициенті кезінде тағайындаған авиакәсіпорында Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына (аумағынан) жолаушыларды, багажды, жүкті және поштаны тасымалдаудың ағымдағы және болжанатын қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті сыйымдылықты қамтамасыз ету. Авиакәсіпорынды тағайындаған мемлекеттен өзге мемлекеттердің аумақтарындағы белгіленген маршруттарда орналасқан пункттерге екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында бортқа қабылданған немесе отырғызылғандарды тасымалдау қосымша сипатқа ие. Мұндай авиакәсіпорындардың екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан белгіленген маршруттардағы пункттер мен үшінші мемлекеттердегі пункттер арасында тасымалдауды жүзеге асыру құқығы халықаралық әуе тасымалын реттей отырып дамыту мүддесінде, сыйымдылықтың:

      a) авиакәсіпорындар тағайындаған Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағына (аумағынан) тасымалдауға деген қажеттіліктермен;

      b) жергілікті және өңірлік әуе қатынастарын ескере отырып, келісілген желілерді өтетін аудандардағы тасымалдауға қолданыстағы қажеттіліктермен; және

      c) авиакәсіпорындардың өтпелі тасымалдау талаптарымен сәйкесетіндей түрде жүзеге асырылады.

12-бап. Пайдаланушылардан алынатын алымдар

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз құзыретті алым алушы органдары екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары әуежайлар мен өзге де авиациялық объектілерді пайдаланғаны үшін пайдаланушылардан алынатын немесе алуға рұқсат ететін алымдардың әділ әрі негізді болуын қамтамасыз ету үшін бар күшін салады. Мұндай алымдар негізделген экономикалық қағидаттарға сүйенеді және ұқсас халықаралық әуе қатынастарын жүзеге асыратын өз авиакәсіпорындары төлейтін алымдардан аспайды.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап алымдарды белгілейтін өз құзыретті органдары мен олар ұсынатын қызметтер мен құралдарды пайдаланатын авиакәсіпорындар арасында пайдаланушылардан алынатын алымдар мәселесі жөнінде консультациялар өткізуге жәрдемдеседі. Пайдаланушылардан алынатын алымдарды өзгерту жөніндегі кез келген ұсыныс туралы хабарлама осындай алынатын алымдар қайта қаралғанға дейін пайдаланушылар өз пікірлерін білдіре алуы үшін, тиісті негіздемелік ақпарат пен деректерді қоса бере отырып, алдын ала және ақылға қонымды мерзімде жіберіледі. Әрбір Уағдаласушы Тарап өз құзыретті органдары мен осындай пайдаланушылар арасында пайдаланушылардан алынатын алымдар мәселелері бойынша тиісті ақпарат алмасуды ынталандырады.

13-бап. Тарифтер

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап әрбір тағайындалған авиакәсіпорынның нарықтағы коммерциялық пайымдаулар негізінде әуе тасымалдарына тарифтерді ақылға қонымды деңгейде белгіленуіне жол береді. Уағдаласушы Тараптардың араласуы мынадай:

      a) негізсіз кемсітушілік сипаттағы тарифтерді немесе практиканы болғызбау;

      b) үстем жағдайды теріс пайдалану салдарынан негізсіз жоғары немесе шектейтін тарифтерден тұтынушыларды қорғау;

      c) авиакәсіпорындарды тікелей немесе жанама мемлекеттік субсидиялау не қолдау салдарынан жасанды түрде төмендетілген тарифтерден қорғау шараларымен шектеледі.

      2. Әрбір Уағдаласушы Тарап кемсітпейтін негізде екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары өз мемлекетінің аумағына (аумағынан) тасымалдау кезінде қолданатын тарифтер туралы өзінің авиациялық биліктеріне хабарлауды немесе оларды тіркеуді талап етуге құқылы. Екі Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары тарапынан осындай хабарлама немесе тіркеу, әдетте, тарифтің күшіне енуі болжанатын күннен кемінде 30 (отыз) күн бұрын жүзеге асырылуы мүмкін. Хабарлау немесе тіркеуге беру жекелеген жағдайларда әдеттегіден қысқа мерзімде шешілуі мүмкін.

      3. Уағдаласушы Тараптардың ешқайсысы: a) Уағдаласушы Тараптардың кез келгенінің авиакәсіпорны Уағдаласушы Тараптардың аумақтары арасындағы халықаралық әуе тасымалдарына қатысты; немесе b) бір Уағдаласушы Тараптың авиакәсіпорны басқа Уағдаласушы Тараптың аумағы мен кез келген үшінші мемлекеттің аумағы арасындағы халықаралық әуе тасымалдарына қатысты ұсынған немесе қолданып жүрген тарифтің күшіне енуіне немесе қолданылуының жалғасуына кедергі келтіретіндей біржақты іс-қимылдар жасамауға тиіс. Егер Уағдаласушы Тараптардың кез келгені осындай тарифтердің осы баптың 1-тармағына сәйкес келмейді деп есептесе, ол консультация өткізуді сұратады және өз наразылығының себептері туралы екінші Уағдаласушы Тарапты мүмкіндігінше қысқа мерзімде хабардар етеді. Мұндай консультация тиісті сұрау салу алынған күннен бастап 30 (отыз) күннен кешіктірілмей өткізіледі, ал Уағдаласушы Тараптар мәселені негізді түрде шешу үшін қажетті ақпаратты жинауға өзара ынтымақтасады. Егер Уағдаласушы Тараптар келіспеушілік туралы хабарлама жіберілген тарифке қатысты келісімге қол жеткізсе, әрбір Уағдаласушы Тарап мұндай келісімді іске асыру үшін бар күш-жігерін салады. Мұндай өзара келісім болмаған жағдайда тариф күшіне енеді немесе қолданысын жалғастырады.

14-бап. Авиакәсіпорындардың өкілдіктерін құру

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында өкілдіктер құруға құқығы бар. Мұндай өкілдіктер құрамына коммерциялық, пайдаланушы және техникалық персонал кіруі мүмкін.

      2. Өкілдіктер, олардың өкілдері мен персоналы екінші Уағдаласушы Тарап мемлекетінің аумағында қолданылатын заңдар мен қағидаларға сәйкес құрылады.

15-бап. Кірістерді аудару

      Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындарына өз мемлекетінің аумағында жолаушыларды, поштаны және жүкті тасымалдауға байланысты алынған кірістердің шығыстардан асатын бөлігін қолданыстағы ұлттық заңнамаға және валюталық реттеу қағидаларына сәйкес еркін айырбасталатын кез келген валютада кедергісіз аудару құқығын береді.

16-бап. Кестелерді бекіту

      1. Әрбір Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары белгіленген маршруттар бойынша келісілген әуе желілерінің пайдаланылуы басталғанға дейін кемінде 60 (алпыс) күн бұрын өздерінің жоспарланған ұшу кестелерін бекіту үшін екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық биліктеріне ұсынады.

      2. Осындай ұшу кестелеріндегі кез келген өзгерістер де олардың күшіне енуі болжанған күннен кемінде 30 (отыз) күн бұрын екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық биліктерінің бекітуіне ұсынылады. Ерекше жағдайларда көрсетілген мерзім аталған авиациялық биліктердің келісімімен қысқартылуы мүмкін.

17-бап. Статистикалық деректерді ұсыну

      1. Бір Уағдаласушы Тараптың авиациялық биліктері сұрау салу бойынша екінші Уағдаласушы Тараптың авиациялық биліктеріне бірінші Уағдаласушы Тараптың тағайындалған авиакәсіпорындары келісілген әуе желілері бойынша ұсынатын сыйымдылықты талдау үшін негізді түрде талап етілуі мүмкін мерзімді немесе өзге де статистикалық мәліметтерді ұсынады.

      2. Мұндай мәліметтер аталған авиакәсіпорындар келісілген әуе желілерінде жүзеге асыратын тасымал көлемін, сондай-ақ тасымалданатын жолаушылардың, жүктің және поштаның тиеу және түсіру пункттерін айқындауға қажетті барлық ақпаратты қамтиды.

18-бап. Консультациялар

      Тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптардың авиациялық биліктері арасында осы Келісімді іске асыруға әсер ететін барлық мәселелер бойынша Уағдаласушы Тараптар ниетінен туындаған жиі консультациялар өткізіліп тұрады.

19-бап. Дауларды реттеу

      1. Уағдаласушы Тараптар арасында осы Келісімді түсіндіруге немесе қолдануға қатысты дау туындаған жағдайда, ең алдымен оны келіссөздер арқылы реттеуге ұмтылады.

      2. Егер Уағдаласушы Тараптар келіссөздер арқылы дауды реттеу бойынша келісімге келе алмаса, олар дауды шешу үшін өзара келісім бойынша қандай да бір тұлғаға немесе органға қарауға не шешуге бере алады; мұндай келісім болмаған жағдайда, кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша дау үш төрешіден тұратын төрелік трибуналдың қарауына берілуі мүмкін, оның ішінде екеуін әрбір Уағдаласушы Тарап бір-бірден тағайындайды, ал үшіншісін осындай арбитр жолымен тағайындалған екі төреші тағайындайды. Әрбір Уағдаласушы Тарап екінші Уағдаласушы Тараптан дипломатиялық арналар арқылы дауды төреліктің қарауына беру туралы хабарламаны алған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде өз төрешісін тағайындайды, ал үшінші төреші келесі 60 (алпыс) күн ішінде тағайындалады.

      3. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап белгіленген мерзімде төрешіні тағайындамаса немесе үшінші төреші белгіленген мерзімде тағайындалмаса, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы Кеңесінің Төрағасы кез келген Уағдаласушы Тараптың өтініші бойынша қажетті төрешіні немесе төрешілерді жағдаятқа қарай тағайындай алады. Мұндай жағдайда үшінші төреші үшінші мемлекеттің азаматы болады және төрелік трибуналдың төрағасы ретінде қызмет атқарады.

      4. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған кез келген шешімді, оның ішінде аралық ұсынымдарды қоса алғанда, орындауға міндеттенеді.

      5. Егер кез келген Уағдаласушы Тараптың немесе кез келген Уағдаласушы Тарап тағайындаған авиакәсіпорындар осы баптың 3-тармағының талаптарын орындамаса, екінші Уағдаласушы Тарап осы Келісімге сәйкес өзі берген кез келген құқықты шектеуге немесе күшін жоюға құқылы.

20-бап. Өзгерістер енгізу

      1. Егер кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келісімнің қандай да бір ережесіне өзгерістер енгізуді орынды деп санаса, ол екінші Уағдаласушы Тараппен консультациялар өткізуді кез келген уақытта сұрата алады. Мұндай консультациялар келіссөз жүргізу арқылы немесе хат алмасу жолымен тиісті сұрау салу алынған күннен бастап 60 (алпыс) күн ішінде жүргізілуі мүмкін. Осылайша келісілген кез келген өзгерістер осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады және осы Келісімнің 23-бабында көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енеді.

      2. Егер екі Уағдаласушы Тарап осы Келісіммен реттелетін мәселелер бойынша көпжақты халықаралық шарт жасасқан жағдайда, ол күшіне енгеннен кейін аталған Уағдаласушы Тараптар осындай көпжақты халықаралық шарттың ережелеріне сәйкестендіру мақсатында Келісімді қайта қараудың орындылығын айқындау үшін консультациялар өткізеді.

21-бап. Келісімді тоқтату

      Кез келген Уағдаласушы Тарап осы Келісімді тоқтату туралы шешімі жөнінде екінші Уағдаласушы Тарапты кез келген уақытта дипломатиялық арналар арқылы жазбаша түрде хабардар етуге құқылы; мұндай хабарлама бір мезгілде Халықаралық азаматтық авиация ұйымына жіберіледі. Осындай жағдайда (егер мұндай хабарлама берілсе), осы Келісім екінші Уағдаласушы Тарап хабарламаны алған күннен бастап 12 (он екі) ай өткен соң, егер осы мерзім аяқталғанға дейін Уағдаласушы Тараптар арасында тоқтату туралы хабарламаны кері қайтарып алмаса, тоқтатылады. Екінші Уағдаласушы Тарап хабарламаны алғанын растағаны туралы хабар болмаған жағдайда, хабарлама Халықаралық азаматтық авиация ұйымы оны алған күннен бастап 14 (он төрт) күн өткен соң алынған болып есептеледі.

22-бап. Тіркеу

      Осы Келісім және оған енгізілген кез келген өзгеріс Халықаралық азаматтық авиация ұйымында тіркелуге жатады.

23-бап. Күшіне енуі

      Осы Келісім күшіне енуі үшін Уағдаласушы Тараптар қажетті олардың заңнамасында көзделген ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы хабардар етеді. Осы Келісім осындай соңғы хабарлама күнінен бастап 30 (отыз) күн өткен соң күшіне енеді.

      Осыны куәландыру үшін тиісті үкіметтері уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      ___ қаласында ____ жылғы "___" __________ күні қазақ, орыс, корей және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, барлық мәтін бірдей теңтүпнұсқалы болады. Түсіндіруде қандай да бір алшақтық болған жағдайда, ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      Қазақстан Республикасының
Үкіметі үшін
Корея РеспубликасыныңҮкіметі үшін

  Қазақстан Республикасының
Үкіметі мен Корея
Республикасының Үкіметі
арасындағы әуе қатынасы
  туралы келісімге қосымша

Маршруттар графигі

      A. Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындаған авиакәсіпорындар төменде көрсетілген маршруттар бойынша екі бағытта да тұрақты халықаралық әуе қатынастарын орындауға құқылы:

Қазақстан Республикасындағы пункттер

Аралық пункттер

Межелі пункттер

Тыс пункттер

Қазақстан Республикасындағы кез келген пункттер

Кез келген пункттер

Корея Республикасындағы кез келген пункттер

Кез келген пункттер

      B. Корея Республикасының Үкіметі тағайындаған авиакәсіпорындар төменде көрсетілген маршруттар бойынша екі бағытта да тұрақты халықаралық әуе қатынастарын орындауға құқылы:

Корея Республикасындағы пункттер

Аралық пункттер

Межелі пункттер

Тыс пункттер

Корея Республикасындағы кез келген пункттер

Кез келген пункттер

Қазақстан Республикасындағы кез келген пункттер

Кез келген пункттер

      Ескертпелер: уағдаласушы Тараптардың екеуінің де тағайындалған авиакәсіпорындары барлық немесе жекелеген рейстерде жоғарыда көрсетілген кез келген пункттерде қонуды өткізіп жіберуге құқылы, бұл ретте маршрут бойынша келісілген желілер авиакәсіпорынды тағайындаған Уағдаласушы Тараптың аумағындағы шығу пункттерінен басталуға тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады