Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының 2026 жылғы 21 қыркүйектегі № 89-н/қ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 22 қыркүйекте № 39935 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 66-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың атқарылуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 3 мамырдан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі
агенттігінің төрағасы
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Атом энергиясы жөніндегі
агенттігінің төрағасы
2026 жылғы 21 қыркүйектегі
№ 89-н/қ бұйрығымен
бекітілген

Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 66-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және уран бойынша келісімшарттар (бұдан әрі – келісімшарттар) талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалар сондай-ақ Кодекстің 277-бабының 3-тармағына сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін шығарылған және жасалған жер қойнауын пайдалануға рұқсаттар, лицензиялар мен келісімшарттар бойынша қатынастарға қолданылады.

      2. Жер қойнауын пайдаланушылардың (уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператордың, сенімгерлік басқарушылардың) (бұдан әрі – жер қойнауын пайдаланушы) уран бойынша келісімшарттар талаптарын сақталуын бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес жүзеге асырылатын уран бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларын жүргізу саласында Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылауға жатпайды.

      3. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран бойынша келісімшарттар талаптарын сақтауын бақылауды құзыретті орган (келісімшарттың тарапы болып табылатын мемлекеттік орган) жүзеге асырады.

      4. Жер қойнауын пайдаланушылардың уран бойынша келісімшарттар талаптарын сақтауын бақылау жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторинг жүргізу және жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару арқылы жүзеге асырылады.

      5. Осы Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі 1-параграф. Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауына мониторинг

      6. Құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауына мониторингті (бұдан әрі – мониторинг) Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын есептерді (бұдан әрі – есептер) және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге көздерден алынған мәліметтерді талдау арқылы жүзеге асырады.

      Мониторинг Кодекстің 66-бабының 2-тармағына сәйкес құзыретті орган айқындайтын тәртіпте жүзеге асырылады.

2-параграф. Жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ уран бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару тәртібі

      7. Жер қойнауын пайдаланушыға, сондай-ақ жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарға сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар жүргізіліп жатқан (жүргізілген) объектілерге бару (бұдан әрі – бару) жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.

      8. Жоспарлы бару құзыретті органның басшысымен бекітілген, құзыретті органның интернет-ресурсында бірінші жоспарлы баруды жүзеге асыру басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей орналастырылған барудың жылдық тізімінің негізінде жүзеге асырылады.

      9. Барудың жылдық тізімі ағымдағы жылғы желтоқсаннан бастап келесі жылғы желтоқсанға дейінгі есепті кезеңге қалыптастырылады.

      10. Барудың жылдық тізіміне енгізу үшін есептерді ұсынбау және (немесе) жалған есептерді ұсыну және мониторинг нәтижелері бойынша келісімшарттық талаптардың орындалмау фактісін растау мүмкіндігінің болмауы негіз болып табылады.

      Талданатын кезең ағымдағы жылдың алдындағы екі жылдан аспайтын кезең болып табылады.

      11. Әрбір жер қойнауын пайдаланушыға қатысты барудың жылдық тізіміне сәйкес жоспарлы бару жылына бір реттен артық емес жүргізіледі.

      Әрбір жер қойнауын пайдаланушыға қатысты жоспарлы бару кезеңінің басталуы талдау жүргізу кезінде талданатын кезеңнің басына сәйкес белгіленеді, оның нәтижелері бойынша осы субъект барудың жылдық тізіміне енгізіледі.

      Жоспарлы бару кезеңінің соңы жоспарлы баруды өткізу мерзімін қамтиды. Бұл ретте талданатын кезеңдегі келісімшарттардың өлшенетін талаптарын орындау бойынша материалдар (ақпарат) ғана зерделенуге тиіс.

      12. Құзыретті орган жоспарлы баруды жүзеге асыру басталғанға дейін кемінде он жұмыс күні бұрын жер қойнауын пайдаланушыға ол жіберілген тұлға туралы мәліметтерді, жөнелтуші туралы ақпаратты, оның қолын, мерзімін және мәнін көрсете отырып, жоспарлы бару туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

      Хабарламада бару мәні, баруды өткізу мерзімі және баратын кезең, сондай-ақ бару жөніндегі комиссияның құрамы көрсетіледі.

      Хабарлама пошта арқылы және хабарламаны тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      13. Жеке және (немесе) заңды тұлғалардан, мемлекеттік органдардан және (немесе) өзге де тұлғалардан келісімшарттардың талаптарын орындамау туралы ақпарат келіп түскен кезде және мониторинг нәтижелері бойынша келісімшарттардың талаптарын орындамау фактісін растауға мүмкіндік болмаған жағдайда құзыретті орган жоспардан тыс баруды тағайындайды.

      Жоспардан тыс бару анонимді жолданымдар болған жағдайда жүргізілмейді.

      14. Құзыретті орган жоспардан тыс баруды жүзеге асыру басталғанға дейін кемінде бір тәулік бұрын жер қойнауын пайдаланушыға ол жіберілген тұлға туралы мәліметтерді, жөнелтуші туралы ақпаратты, оның қолын, мерзімін және мәнін көрсете отырып, жоспардан тыс бару туралы жазбаша нысанда хабарлайды.

      Хабарламада бару мәні, баруды өткізу мерзімі және баратын кезең, сондай-ақ бару жөніндегі комиссияның құрамы көрсетіледі.

      Хабарлама пошта арқылы және хабарламаны тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      15. Әрбір жер қойнауын пайдаланушыға қатысты жоспардан тыс бару кезеңінің басталуы келісімшарттар талаптарының орындалмағаны туралы ақпаратта көрсетілген уақыт кезеңіне сәйкес белгіленеді.

      Жоспардан тыс бару кезеңінің соңы жоспардан тыс баруды өткізу мерзімін қамтиды. Бұл ретте, осындай ақпаратта көрсетілген кезең үшін келісімшарттардың талаптарын орындау жөніндегі материалдар (ақпарат) ғана зерделенуге тиіс.

      16. Барудың мәні, бару мерзімдері мен кезеңдері, сондай-ақ бару жөніндегі комиссияның құрамы құзыретті органның уәкілетті лауазымды адамы бекітілген баруды тағайындау туралы бұйрықта әрбір бару бойынша жеке-жеке көрсетіледі.

      17. Бару мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайды.

      18. Жер қойнауын пайдаланушының басшысы немесе уәкілетті тұлғасы баруды тағайындау туралы бұйрықпен қол қою арқылы немесе бару туралы бұйрықты алғанын растайтын басқа да тәсілмен танысқан күн барудың басталу күні болып саналады.

      19. Бару үшін келген құзыретті органның лауазымды адамдары баруды тағайындау туралы бұйрықты көрсетеді.

      20. Бару аясында келісімшарттардың өлшенетін талаптары зерттеледі.

      21. Бару барысында жер қойнауын пайдаланушы комиссия басшысының және (немесе) мүшелерінің жазбаша сұрау салуына сәйкес бару мәніне қатысты зерделеу үшін қажетті материалдарды (ақпаратты) ұсынады.

      22. Барудың нәтижелері бойынша бару нәтижелері туралы анықтама екі данада орыс және қазақ тілдерінде дайындалады, оған комиссияның басшысы мен мүшелері қол қояды.

      23. Барудың нәтижелері туралы анықтама келісімшарттың құрылымына сәйкес жасалады және оның тармақтарына сілтемелерден тұрады..

      24. Бару аяқталғаннан кейін жер қойнауын пайдаланушыда бар құжаттарды қоспағанда, барудың нәтижелері туралы анықтама қосымшаларының көшірмелерімен бірге жер қойнауын пайдаланушы басшысына немесе уәкілетті адамына қарау үшін екі данада беріледі.

      25. Жер қойнауын пайдаланушының басшысы немесе уәкілетті адамы барудың нәтижелері туралы анықтамаға екі данада алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде қол қояды.

      26. Барудың нәтижелері туралы анықтамаға жер қойнауын пайдаланушының уәкілетті адамы қол қойған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы басшысының сенімхаты түпнұсқасы немесе расталған көшірмесі анықтамаға қоса беріледі.

      27. Жер қойнауын пайдаланушының басшысы немесе уәкілетті адамы барудың нәтижелері туралы қол қойылған анықтаманың бірінші данасын бару комиссиясына қайтарады.

      28. Барудың нәтижелерімен немесе оның бөлігімен келіспеген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының басшысы немесе уәкілетті адамы барудың нәтижелері туралы анықтамаға қарсылықтарын көрсете отырып қол қояды.

      29. Жер қойнауын пайдаланушының басшысы немесе уәкілетті адамы қол қоюдан бас тартқан жағдайда, барудың нәтижелері туралы анықтама жер қойнауын пайдаланушы кеңсесіне енгізіледі немесе пошта арқылы жіберіледі.

      30. Барудың нәтижелерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдаланушы оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

      31. Барудың нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт талаптарын орындамауы фактісі анықталған жағдайда, құзыретті орган мұндай жер қойнауын пайдаланушыға осы Кодекске және келісімшарттың ережелеріне сәйкес шаралар қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады